Исатай ауданының тұрғындары үшін көрші ауылдарға қатынау қиынға соғып отыр. Себебі, жаңбыр жауса болды, жолдың жоқтығынан жер мибатпаққа айналып, аяқ алып жүру мүмкін болмай қалады.
Міне, тағы күзгі жаңбыр сіркірейді. Жауынның моншақтаған жас тамшылары көліктің терезесін жуып тұр. Исатай ауданына кіре бергенде, жаңбыр да тоқтады. Ал артта қалған Тұщықұдық селосы бұрын балшық болып жататын Атырау қаласын еске түсірді. Сабақтарына асыққан ауылдың балалары резіңке етік киіп алып, құрғақ жер таппай қиналды. Адам өте алмайтын шалшық та оларға бөгет болды. Балалардың бірі балшыққа батқан етігін тартам деп құлап қалды. Үлкендер көмекке келді, ал малмандай болған ол кемсеңдеп жылап тұрды...
- Балалар осы шалшыққа етіктерін жуып, ойнап, үсті-бастары су болып, ауырып та қалып жатады. Лайсаң күндер басталғаннан-ақ бала тұрмақ, үлкендерден маза кете бастайды. Сорлы жер сорымызға шығып отыр, жауын суы сіңбейді, кілкілдеп бетіне шығып жатады. Жаз күндері иістеніп шіриді. Ал жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқтың қасы, -дейді ашынған Тұщықұдық тұрғындары.
Аудан орталығы Аққыстау селосында да аяқ басар құрғақ жерді табу қиын. Өте қолайсыз жерде орналасқан селоның басты проблемасы – жол. Орталықтағы көл болған сулар сорылмайды. Кейбір көшелерде жүргінші жолы тұрмақ, көлік жолдары жоқ. Бұрынғы асфальтталған жолдар бейнебір бомба түскендей жайраған күйі жатыр. Халық жол мехнатын әкіммен болатын жиын кезінде үнемі айтады, бірақ қолға алына қойған ештеңе жоқ. Аққыстаулықтардың айтуынша, жиырма жылдан бері жөндеу көрмеген жолдардың әбден тоз-тозы шыққан.
Жалпы, бүгінде ауданда жол салу және жолды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары тұралап қалған.
- Биыл Каспий құбыр жүйесі Консорциумы 10 млн теңге бөліп, Аққыстау селосында жаяу жүргінші жолын салу қолға алынды. Бірақ бұл қаржы селоны толық қамти алмайды, әлі де болса тротуарлар салу қажет. Негізі ауданда 31 шақырым көлік жолы бар, - дейді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Артур ҚУАНЫШКЕРЕЕВ. -Биыл бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Бұл қаржының бір бөлігі сметалық құжатты жасақтауға жұмсалуда. Және жаңа жол салу, жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалмақ.
- Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ ауданда болған іссапарында жолға бөлінген 500 млн теңгенің игерілмегенін сынға алып еді.
- Бұл қаржы бөлінгені рас, қазір тек сметалық құжатты жасақтау іске асуда. Ал жол салу, күрделі жөндеуден өткізу ағымдағы ж ылдар есебінен жүргізіледі. Келер жылы жол мәселесі Аққыстауда толық шешіледі деп отырмыз. Ал Х. Ерғалиев, Тұщықұдық селолық округтеріндегі жолдардың бір бөлігіне күрделі жөндеу жүргізілмекші. Ал қалған селоларға қашан қаржы бөлінетіні белгісіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА