
Атырау облысында қысқы маусымға дайындық аясында 4200 адамға арналған 32 жылыту пункті жасақталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқарма бастығы Жантөре Демешов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңір аумағында жалпы ұзындығы 7 мың шақырымға жуық республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар бар. Атап айтқанда, республикалық жолдар – 1125,6 км, облыстық жолдар – 1927 км, ал ауылішілік жолдар – 1910,9 км. Қыс мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарда қар басуы ықтимал 62 қауіпті аумақ анықталып, бұл учаскелерге 66 техника мен 78 маман жұмылдырылмақ. Сонымен қатар, жол бойында ауа райы қолайсыз кезде азаматтарды уақытша орналастырып, жылумен және азық-түлікпен қамтамасыз етуге арналған 6 жылыту пункті дайындалған.
Қысқы маусымда төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 400-ге жуық арнайы техника мен 844 тонна жанар-жағармай қоры дайындалған. Оның ішінде 177 бірлік қар тазалау техникасы, 121 инженерлік техника және 100 эвакуациялық техника бар. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың балансында 380 тонна тұз және 617 тонна құм, ал аудандық деңгейде 29 мың литр бензин және 41,8 мың литр дизель отыны көлемінде жанар-жағармай қоры жинақталған.
Жантөре Демешовтің айтуынша, қатты аяз немесе боран кезінде жол қозғалысын уақытша шектеу туралы шешім тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қабылданады. Облыс бойынша қысқы маусымға дайындық шаралары толық көлемде жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
В Атырау +4