Атырау, 5 желтоқсан 10:09
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Аққалада 911 млн теңгеге салынған балабақша бос тұр

360 рет қаралды

Индер ауданы Аққала ауылындағы екіқабатты замануи үлгідегі 90 орындық балабақшаның ашылу рәсімі осы жылдың 4 қыркүйегінде іске асты. 

Дәл сол күні ауданға іссапармен келген облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып: «Қадірлі жерлестер, сіздер мен біздер үшін бүгін ерекше күн. Баланың қуанышынан артық бақыт бар ма»,-деп тебірене сөйлеген еді ашылу рәсімінде. 

Ауыл әжелері қуаныштан шашу шашты. Өйткені ауыл жылдан-жылға халқы жағынан өскенімен балабақша бірнеше жылдан бері жоқ. Амалсыздан аққалалықтардың мүмкіндігі барлары бүлдіршіндерін аудан орталығы Индербор кентінің балабақшаларына көлікпен тасыды. Бірақ бұл да қиындықтан шығудың жолы емес еді.

Көптен ауылдың басты проблемасына айналған балабақша құрылысын жүргізу 2023 жылы қолға алынды. Оған қазына қаржысынан 911 млн теңге бөлініп, мердігер "Гранд Мастер" ЖШС құрылысын бастап, осы жылы аяқтаған еді. 

Ашылу рәсімі өткеніне екі ай өтсе де балабақша есігі әлі тарс жабық күйінде тұр. 

«Балабақша қашан ашылады, неге кейінге қалған? Балаларымыз балабақшаға барады деген қуанышымыз су сепкендей басылды», - деген сауалдармен бірнеше адам "АЖ" редакциясына хабарласты. 

«Келесі апта ашылады деп күтіп отырмыз. Ресми түрде қабылдау актісі жасалды. Білім бөлімі құжаттандыру жұмысымен айналысып жатыр. Барлық құрал-жабдықпен қамтылған», - деді облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ. 

Аққалалықтар ол күнді де күтеді, онсызда жиырма жылға жуық бала бақшасыз отырды ғой. 

Қыркүйекте ауыл үшін ұйымдастырылған ашылу рәсімі өткен мереке әзірге тек суреттерде ғана сақталып тұр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Автор түсірген сурет

3 қараша, 14:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.