Атырау, 5 желтоқсан 10:07
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​2026 жылдан бастап салық жүйесіне жаңа өзгерістер енгізіледі

542 рет қаралды

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Арлан Бурумбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте келесі жылдан бастап елімізде салық жүйесіне бірқатар жаңартулар енгізілетінін айтты.

Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі қазіргі 12%-дан 16%-ға дейін өседі. Алайда кейбір әлеуметтік маңызы бар салалар үшін төмендетілген салық мөлшерлемелері сақталады.

– Бұл өзгерістер ел экономикасын тұрақтандыруға және салық жүйесін әділ етуге бағытталған. Сонымен қатар халық пен әлеуметтік салаларға түсетін салмақты азайту үшін жеңілдіктер қарастырылған, – деді Арлан Бурумбаев.

Мысалы, дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге ҚҚС мөлшері 2026 жылдан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% болады.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін есепке жатқызылатын ҚҚС көлемі 70%-дан 80%-ға дейін арттырылады. Бұл шара агрокәсіпкерлерге қосымша жеңілдік беріп, өнім бағасының өсуін болдырмауға бағытталған.

– Жаңа ережелердің басты мақсаты – салық төлеушілер үшін жүйені түсінікті әрі ыңғайлы ету. Электронды шот-фактура толтыру тәртібі жеңілдетіліп, кәсіпкерлерге тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, егер ҚҚС төлеуші резидент емес тұлғадан қызмет немесе жұмыс сатып алса, электронды шот-фактурада барлық құндық көрсеткіштер ұлттық валютада көрсетілуі тиіс. Ал шетел валютасындағы операциялар айналым күні белгіленген ресми айырбас бағамы бойынша теңгеге аударылады.

Адал кәсіпкерлерді қорғау мақсатында электронды шот-фактураны кері қайтарып алу мерзіміне де шектеу енгізіледі.

31 қазан, 17:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.