Атырау, 5 желтоқсан 07:29
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​Парижде Брижит Макронға жала жапқандардың ісі бойынша сот басталды

275 рет қаралды

Парижде Франция президенті Эммануэль Макронның жұбайы Брижит Макронға қатысты жалған ақпарат таратқан адамдардың соты өтіп жатыр. Тергеу дерегінше, олар желіде «Брижит Макрон ер адам болып туған» деген жалған және қорлайтын мәліметтер таратқан, деп хабарлайды BBC.

Сот алдында 10 адам — сегіз ер адам және екі әйел жауап беруде. Олардың жасы 41 мен 65 аралығында. Барлығына жала жабу және интернеттегі қорлау баптары бойынша айып тағылған. Сондай-ақ олар Брижит пен Эммануэль Макрон арасындағы 24 жас айырмашылығына байланысты да кемсіту сөздер айтқан деп айыпталып отыр.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Брижит Макрон сот отырысына қатыспаған және келесі отырыстарда да қатысу жоспары жоқ. Алайда оның қызы Тиффани Озье куә ретінде жауап беруі мүмкін.

Айыпталушылар арасында — жергілікті шенеунік, галерея иесі, мұғалім және интернет-экстрасенс Дельфин Ж. бар. Ол желіде «Амандин Руа» деген лақап атпен танымал. Сонымен қатар, өзін тәуелсіз журналист деп атайтын Наташа Рей есімді әйелмен бірге ол бұған дейін де Брижит Макронға жала жапқаны үшін сотталған болатын.

Бұл жалған теориялар алғаш рет 2017 жылы, Эммануэль Макрон Франция президенті болғаннан кейін тарай бастаған. Кейіннен бұл конспирологиялық әңгімелер АҚШ-тағы кейбір оңшыл топтар арасында да кең таралды.

Олардың ішінде атышулы Кэндис Оуэнс та бар. Ол әлеуметтік желілерде Брижит Макрон туралы жалған ақпараттарды таратып келген. Өткен жылы президент пен жұбайы Оуэнсқа қарсы сотқа шағым түсірген. Эммануэль Макронның айтуынша, бұл қадам «отбасылық ар-намысты қорғау үшін» жасалған.

Сот барысында айыпталушылар өздеріне «қысым көрсетіліп жатқанын» айтып, кінәсіз екендерін айтты.

Брижит Макрон болашақ жұбайымен ол оқушы кезінде танысқан. Олар 2007 жылы үйленген, сол кезде Эммануэль 29, ал Брижит 54 жаста болған.

28 қазан, 12:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.