
22 қазанда Ақтөбеде алқабилер соты нефролог-дәрігер Абай Айсағалиевті өлтіргені үшін мейіргер Нұрсұлтан Шаймерденовке 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Диапазон.
Сот оны пайдакүнемдік мақсатпен кісі өлтірген және ірі көлемде ұрлық жасаған деп тапты.
Қылмыстық іс қоғамды мамыр айында дүр сілкіндірген болатын. Абай Айсағалиев Астанадан көзге жасалған операциядан кейін Ақтөбеге оралған соң, жоғалып кеткен. Оның туыстары алғаш болып дабыл қағып, іздеу жұмыстарын бастаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, мейіргер дәрігердің қаржылық жағдайын жақсы білген, банк қосымшаларының құпиясөздерін де меңгерген. Ол түнде Айсағалиевтің үйіне кіріп, алдымен пышақпен, кейін балтамен шабуыл жасап, дәрігерді сол жерде өлтірген. Кейін оның заттарын — рюкзак, планшет, телефон, ноутбукты алып, жұмысқа барған.
Ол дәрігердің бет-бейнесіне ұқсас силикон маска киіп, банкомат арқылы оның шотынан бірнеше рет ақша шешкен. Жалпы сомасы — 5 миллион теңгеден астам. Қылмыстың ізін жасыру үшін пәтердегі қанды жуып, мәйітті пластик жгутпен байлап, басына пакет кигізіп, тоңазытқышқа салып, оны бірнеше мекенжайға тасымалдаған.
Сотта айыпталушы бұл әрекетті алдын ала жоспарламағанын, бәрі кездейсоқ болғанын айтып, айыпты жеңілдетуді сұрады. Алайда алқабилер оның сөзін теріске шығарып, кісі өлтірудің пайдакүнемдік мақсатта жасалғанын дәлелдеді.
Сот шешімі бойынша, Шаймерденов марқұмның ұлына 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Тергеу барысында дәрігердің үйінен ұрланған зергерлік бұйымдар мен силикон маска оның жұмыс орнынан табылған.
В Атырау +4