Атырау, 5 желтоқсан 12:31
 бұлттыВ Атырау +3
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Астанада Ұлттық ұлан сарбазының өліміне қатысты тергеу қайта басталды

352 рет қаралды

Астанада 21 жастағы Ұлттық ұлан сарбазы Қайсар Сұлтановтың өліміне қатысты іс қайта тергеліп жатыр. Бұған дейін бұл іс үш рет «өз-өзіне қол салу» ретінде жабылған еді. Алайда марқұмның анасы баласының кісі қолынан қаза тапқанына сенімді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қайғылы жағдай 2023 жылдың 9 қазанынан 10-ына қараған түні болған. Қайсар Сұлтанов сол кезде Астанадағы 6636 әскери бөлімінде қызмет атқарған. Анасы Сәуле Тілеубергенованың айтуынша, ол ұлын оқиға болардан бір күн бұрын көрген, ешқандай өзгеріс не мазасыздық байқамаған.

Оқиғадан кейін тергеу органдары істі бірнеше мәрте жауып тастаған, себебі қылмыс құрамын анықтай алмаған. Қазір тергеу Қылмыстық кодекстің 105-бабы — «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша қайта жүргізілуде.

Дегенмен марқұмның анасы баласының өзіне қол жұмсауы мүмкін емес дейді. Оның сөзінше, сот-медициналық сараптама нәтижелері де бұл нұсқаны теріске шығарады.

«Сарапшылардың қорытындысы бойынша, алғашқы оқ төменнен жоғары қарай атылған. Дәл осы жарақаттан ұлым көз жұмған. Ал екінші оқ алты минуттан кейін шыққан. Бірақ бірінші жарақаттан соң Қайсардың саналы түрде әрекет етуге шамасы болмаған», — дейді Сәуле Тілеубергенова.

Адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, істі қайта қозғағаннан бері үш ай өтсе де, тергеуде айтарлықтай ілгерілеу жоқ.

Марқұмның отбасы істі «Кісі өлтіру» бабымен қайта қарауды және бұл жағдайға қатысы бар барлық тұлғаны жауапқа тартуды талап етуде.

16 қазан, 18:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.