Атырау, 5 желтоқсан 15:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

ЭТД тергеушілерінің жалған стоматологиялық клиникалар ісіне қатысы бар ма?

549 рет қаралды
Атырау облысы ЭТД ғимараты, сурет: 2ГИС

«Ақ Жайық» Қаржы мониторингі агенттігіне (ҚМА) және Экономикалық тергеу департаментіне (ЭТД) олардың қызметкерлерінің жалған стоматологиялық клиникалар ісіне қатысы бар-жоғы жөнінде ресми сауал жолдады.

Дереккөздің мәліметінше, қазір ҚМА кейбір тергеушілер мен ЭТД басшылығы өкілдерінің бұл клиникаларға көмектесуі мүмкін деген ақпаратты тексеріп жатыр. Әңгіме тек қамқорлық жасау емес, сондай-ақ күдіктілерге қалай қорғану керек, қандай деректерді жасыру қажет және жауапкершіліктен қашу үшін қандай әрекеттер жасау керектігі жөнінде құпия ақпараттар берілген-берілмегені туралы болып отыр.

Дереккөздің мәліметінше, тергеу қызметінің қолында кездесулердің фото-бейнематериалдары, хат алмасулар және ақша аударымдары туралы деректер бар. Ақшалар қызметкерлердің жеке есепшотына емес, туыстары мен таныстарының атына аударылған. Бірнеше қызметкер қызметінен уақытша шеттетілген. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғау және бұлтартпау шараларын алу мәселесі қаралуда.

Тергеу құпиясы

«Ақ Жайықтың» ресми сауалына жауап берген ҚМА басқармасының басшысы Салтанат Көшербаева ұйымдасқан бес қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады. Олар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатты жалған құжаттар рәсімдеу арқылы заңсыз шығаруға көмектесті деген күдікке ілінген.

Ал тергеушілердің ықтимал қатысы мен ақпараттың сыртқа шығуы туралы сұрақтарға ҚМА прокурордың рұқсатынсыз тергеу деректерін жариялауға тыйым салатын ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің (ҚПК) 201-бабына сілтеді.

Атырау облысы ЭТД басшысының орынбасары А. Іңкәрбеков те: «Журналистер қылмыстық процеске қатысушы емес, сондықтан істің деректерін жария етуге болмайды» деді.

Сонымен қатар, ҚМА жалған стоматологиялық клиникалар ісіне қатысы бар деген күдіктілерді іздестіріп жатқанын хабарлады. Олардың қатарында:

  • Дүйсенов Аслан Қамбарұлы, 01.04.1992 ж.т.

  • Иманбаев Ғаббас, 18.05.1998 ж.т.

  • Елешев Есімхан Баяндыұлы, 11.09.1987 ж.т.

ҚМА дерегінше, күдіктілер Ақтау мен Атырауда жеті стоматологиялық мекемені пайдаланған. Қағаз жүзінде медициналық қызмет көрсетілгенімен, клиникалар шын мәнінде жұмыс істемеген. Жалған келісімшарттар арқылы «стоматологиялық қызмет көрсетілді» деп рәсімделіп, қаражат делдалдар арқылы жеке тұлғалардың есепшоттарына аударылып отырған.

Тергеу болжамынша, күдіктілердің БЖЗҚ-дан 46 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқыруға қатысы бар.

Күдіктілердің бірі – Аслан Дүйсенов бұрын ішкі істер органдарында қызмет еткен, бірақ келеңсіз себеппен жұмыстан шығарылған. 2016 жылы ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып, ҚК-тің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге жеткізу») және 362-бабы («Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану») бойынша 5 жылға сотталған.

Еске салсақ, күдіктілерді 12 қыркүйектен бастап ұстады. Тергеу мәліметінше, күдіктілер азаматтардан зейнетақы қорындағы қаражатты шығару үшін заңсыз «делдалдық ақы» – яғни 10-20 пайыз көлемінде ақша талап еткен. Бұл схемаға 226 жалған тұлғалар, яғни «дропперлер» қатысқан.

Жалпы сомасы 200 миллиард теңгеден астам қаржы заңсыз шығарылған. Ол ақшаға қатысушылар қымбат автокөліктер, жылжымайтын мүлік, жер телімдері және зергерлік бұйымдар сатып алынған. Тәркіленген мүліктің құны 600 миллион теңгеден асады.

Айнұр САПАРОВА

3 қазан, 11:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.