
Ақсай ауылында тұрғындар үй салу үшін жер телімдерін сатып алған. Бірақ екі жылдан кейін ол жерлердің магистральді мұнай құбырының қорғау аймағына кіріп кеткені белгілі болды.
Мәселе 2020 жылы басталған. Ауыл адамдары кәсіпкерден әрқайсысы 10 сотық жер алып, мемлекеттік актілерін рәсімдеп, құрылыс салуға кіріскен. Бірі несие алып, бірі соңғы жинаған қаржысын салған. Бірақ 2022 жылы құрылыс тоқтап қалды: әкімдік рұқсат беруді тоқтатып, бұрын құжат алғандардың рұқсаттары күшін жойды. 3 қыркүйекте 15 шақты тұрғын жиналып, осы мәселені жеткізген еді.
«ҚазТрансОйл» компаниясының мәліметінше, ауылдың ішімен диаметрі 530 миллиметр болатын магистральді мұнай құбыры өтеді. Ол 2008 жылдан бері жұмыс істеп тұр, стратегиялық нысан болып саналады. Бұған дейін дәл сол жермен 1969 жылы салынған диаметрі 1020 миллиметр «Өзен – Атырау – Самара» құбырының алғашқы желісі жүргізілген еді. Құбыр арқылы мұнай Атырау мұнай өңдеу зауытына жеткізіледі.
Ақсай аумағынан шамамен бір шақырым құбыр өтеді. 2014 жылы әкімдіктің қаулысымен әр тараптан 25 метрден қорғау аймағы белгіленген.
Компания әкімдікке, төтенше жағдай департаментіне, прокуратураға және басқа да органдарға заңсыз құрылыс жүріп жатқанын талай рет ескерткенін айтады. Бұдан бөлек, әр тоқсан сайын бұқаралық ақпарат құралдарында құбыр өтетін аумақ пен қорғау аймағын бұзуға болмайтыны туралы ескертулер жарияланған.
Сотқа жүгіну
«ҚазТрансОйл» бұл жерді ешкімге бермеген және құжат рәсімдеуге қатыспаған. Компания жер телімдерінің сатылғаны туралы ресми хабарлама алмаған.
Дегенмен 2022 жылы компания сотқа шағым түсіріп, құрылыстардың құбырға тым жақын салынуына қатысты істе жеңіп шықты. Ал салынған немесе әлі бітпеген үйлердің тағдыры заң аясында ғана шешіледі дейді.
Сонымен бірге «ҚазТрансОйл» мәселені талқылауға дайын екенін айтты. Олар әкімдікпен, мемлекеттік органдармен және ауыл тұрғындарымен бірлескен жұмыс тобын құруға қарсы емес.
«АЖ» анықтамасы
«Магистральді құбыр туралы» заңға сәйкес, қорғау аймағында үй салуға, бақ өсіруге, қазба немесе құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Құбырдың ортасынан тұрғын үйлерге дейінгі қашықтық кем дегенде 150 метр болуы тиіс.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +2