
3 қыркүйекте Атырау қаласының маңындағы Ақсай ауылында 15-ке жуық тұрғын жер мәселесіне қатысты шағымдарын айтуға жиналды. Олар 2020 жылы осы ауылдан тұрғын үй салу мақсатында жер сатып алған. Бірақ қазір қалалық әкімдік бұл жерге үй салуға рұқсат бермей отыр. Бір қызығы, құрылыс жүргізуге тыйым 2022 жылы енгізілген. Неліктен? «Ақ Жайық» тілшісі мәселенің егжей-тегжейін анықтап көрген еді.
Тұрғындардың сөзінше, олар Ақсай елді мекенінен бір кәсіпкерден 2020 жылы 10 сотық жерден сатып алған. Қолдарында тұрғын үй салуға арналған тұрақты мелекеттік актісі бар. Бірі қарыз алып қауғаланып, енді бірі жылдар бойы бар жиған-тергенімен сол жерде үй тұрғызуға кіріседі. Осы кезде тұрғындарды тығырыққа тіреген мәселе туындайды. 2022 жылдан бастап жер иелері бұл жерге құрылыс салуға рұқсат жоқ екенін біледі. Оған дейін тұрғын үй құрылысына рұқсат алып, үйін тұрғызғандардың құжаты да күшін жойғаны белгілі болады.
Құрылысты тоқтатқан қызыл сызық
Рұқсат құжаттарын беруден бас тарту себебін Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі бұл жер телімдері «ҚазТрансОйл» АҚ компаниясына тиесілі магистралды мұнай құбыры аймағына кіреді деп түсіндірген. Жауапта ереже бойынша құрылыс нысаны диаметрі 500 мм-ден асатын мұнай құбыры аумағынан 150 метр қашықтықта салынуы тиіс деп жазылған. Ал бұл үйлердің бірі, тұрғындардың сөзінше, мұнай құбырына 70, 80, енді бірі 90 метр қашықта орналасқан.
2016 жылдың 29 қарашасында бекітілген Атырау қаласының бас жоспары бойынша бұл аймақ қызыл сызыққа енген. Бұл жерге адам өміріне қауіпті болғандықтан құрылыс жүргізуге тыйым салынған.
Науша Менешова 2020 жылы тамызда 10 сотық жерді сатып алған. Тұрғын үй салуға арналған тұрақты мемлекеттік акті бар. Кейін жерді ұлының атына аударады. Ұлы бар жиған ақшасына үй тұрғызып келгенде 2022 жылы құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ екенін білген. Қала, облыс әкімдерінің атына арызданған. Бәрі де сотқа жүгіну арқылы құқығын қорғауға кеңес берген.
- Бұл аймақта үй артында мұнай құбыры өтіп жатыр, бұл «қызыл сызық» аймағына жатады, қауіпті аумақ деп, үй салуға рұқсат бермей отыр. Бірақ, дәл жанымыздағы үйде ол рұқсат бар. Сонда қалай? Үйлеріміз мұнай құбырына бірдей қашықтықта орналасқан ғой? Біздің жеріміз тұрғын үй мақсатында пайдалануға берілген соң үй тұрғыза бердік. Құжатын бермейді деп ойламадық, – дейді Менешева.
- Мен 2020 жылы жерді Айдос Кенжебековтен сатып алдым. Тұрақты жер телімі тұрғын үй салуға арналған. Уақытша баспана (времянка) салуға рұқсат алып, тұрғызып алдым. 2023 жылы үлкен үй салайын деп кіріссем, көршілерім бұл жер қызыл сызықты аймақта жатыр деп, рұқсат ала алмай отырғанын айтты. Жер қатынастары бөліміне бардым. Олар «бұл маңда мұнай құбыры жүріп жатыр. 2016 жылдан бері қауіпті аймақтасыздар» деді, - дейді Нұршатхан Жагор. - Олай болса, мен одан бері уақытша баспана салып алдым ғой. Оған неге рұқсат бердіңіздер десем, «білмейміз» дейді.
Оның айтуынша, көршілері үш рет сотқа жүгінген, бірақ бәрібір ұтылып қалған. Өзі қала және облыс әкімдеріне, прокуратураға, Антикорға, ҰҚКБ-на жазған. Бірақ барлық арыздар қайтадан жер қатынастары бөліміне жолданған. Ал ол бөлім тұрғындарға «сотқа жүгініңдер» деп жауап берген. Сот болса тұрғын үй салуға рұқсат беруден бас тартып отыр.
- Енді не істейміз? - дейді Жагор.
Ал Нұрлыбек Шобақов та 2020 жылы жер алып, үй тұрғызған. Ол 2022 жылға дейін үй салып алған. Ол кезде үй салуға әкімдік рұқсат берген.
- Үй саламын деп жүріп қарызға кіріп, қатты ауырып қалдым. Үйімді жартылай аяқтағанда аурумен арпалысып, ем іздеп кеттім. Қазақстанда нәтиже көрмегесін Үндістанға барып емделдім. Үйімді жартылай бітіріп жатқанда көршіме үй тұрғызуға рұқсат бермей қояды. Ертең «ҚазТрансОйл» бұл жерден кетіруге тырысып, үйімді бұзам десе, мен бұл жерден басымды кесіп алса да кете алмаймын. Соңына дейін күресемін, - дейді ол.
«Құжаттарыңыздың күші жойылды»
Жиналған шағым иелері жанына келген "Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесіне қарасты "Бас жоспар орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі құқық және персоналды басқару бөлімі басшысы Абзал Назаров қолында бар мәліметімен бөлісті. Оның сөзінше, осы маңнан бір кәсіпкерге 2 гектар жер телімі егістік алқабы ретінде берілген. Қай жылы берілгенін Назаров есіне түсіре алмады. Белгілісі - жер мұнай құбыры салынған соң берілген. Бұл кәсіпкер егін егу масқатында берілген жердің нысаналы мақсатын тұрғын үй салуға арналған деп өзгертіп алған. Осыдан кейін 2020 жылы 2 гектар жерді 10 сотықтан бөліп сатқан. Назаров жердің нысаналы мақсатын кім, қашан, қалайша өзгертіп бергеніне қатысты сұраққа жауап бере алмады.

Оның айтуынша, 2022 жылы Ақсай ауылының тұрғыны Шәукенова мұнай құбырын ығыстыру туралы сотқа талап-арыз бергеннен кейін осы мәселе туындаған. «ҚазТрансОйл» Шәукеноваға тұрғын үй салуға берілген сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жобаның күшін жою жөнінде қарсы талап-арыз түсірген. Сот компанияның талабын қанағаттандырып, осы шешімнен кейін Ақсайда құрылыс жұмыстары тоқтатылған.
Шәукеноваға Ақсай ауылының басқа маңынан 10 сотық жер телімі берілген. Үй құрылысы сәулет- жоспарлау тапсырмасы алынып, эскиздік жоба бекітілген соң басталады. Осы кезде тұрғындар өздеріне тұрғын үй салуға берілген рұқсат бар деп, эскиздік жобаны көрсетті. Бірақ оларға Назаров 2022 жылғы сот шешімімен бұл құжаттардың өз күшін жойғанын айтып, сол себепті құрылысты да тоқтатып отырғанын қайталады.
Оның жауабы тұрғындардың көңілін көншітпеді. Бірі өзінің осы жылдар бойы пәтер жалдап, үй салу үшін қарыз алып, енді тұрғызайын десе, құжат ала алмай отырғанына налыды. Енді бірі қолында тұрғын үй салуға арналған жер берілгені туралы тұрақты мемлекеттік жер актісі мен үй салуға рұқсаты болса да неге сала алмайтынын түсінбейтінін айтты.
- Осыны әкімдікке барып айтсаң, «қателік жібергендерге сөгіс жариялаймыз» деп шектеледі. Қолымда құжаттарым бар, не үшін мен үй сала алмаймын? - деп ашынды тұрғындар.
- Көбі жер алып, үйлерін салып алды, кезінде оларға рұқсатын берді. Ал 2022-2023 жылдары үй салуға болмайды дейсіңдер. Дұрыс емес қой!? - деп шыр-пыр болды.
- Халықты сарнатып қоймайтын шығарсыздар, не болмаса шығынымыздың толық өтеп беріңіз. Шығынды кім өтейді ертең мәселе шешілмеген жағдайда? - деп сұрады тікесінен біреуі.
Оларға Назаров «Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес, сот тәртібінде шығынды өтеуді талап еруге құқығыңыз бар» деп қысқаша қайыра жалпылама жауап берді. Одан соң тұрғындардан, Ақсай ауылы қарайтын Қайыршақты ауылдық округі әкімдігінен, «ҚазТрансОйл» компаниясынан және жауапты мемлекеттік орган, сондай-ақ, «Бас жоспар орталығынан» бір-бір өкіл болып жиналып, бір мәмілеге келуді ұсынды. Тұрғындар бұған келісті. Қай күні жиналатыны әзірге белгісіз.
Назаровтың сөзінше, Ақсай тұрғыны Шәукенованың тұрғын үй салуға рұқсаты болған. Ол жеріне үй тұрғызу үшін оның іргетасын қалап үлгерген. Мұнай құбырын ығыстыру бойынша талап-арызынан бөлек, іргетасты қалауға кеткен шығынды өтеуді сұраған. Бірінші сот талап-арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Шешіммен келіспеген Шәукенова апелляциялық шағым берген. Ол әлі сотта қаралады.
Тағы бір осыған ұқсас жағдай Ақжар ауылында болған. Шалапиева деген тұрғын сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруге міндеттеу туралы сотқа талап-арызбен жүгінген. Оның ісі кассациялық сатыға жеткен. Арызы Жоғары сотта қаралады.
Назаровтың сөзінше, тағы мұндай талаппен 15 шақты адам сотқа жүгінген, бірақ әзірге ешқайсысы жеңіске жете алмаған.
Біз жер сатқан кәсіпкер мен «ҚазТрансОйл» АҚ компаниясына сауалдарымызды жолдадық. Комментарий күтеміз.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор
В Атырау +2 


