
Қаржылық мониторинг агенттігі "Актив Маркет" брендімен танымал комиссиялық дүкендер желісі арқылы жұмыс істеген заңсыз микрокредиттеудің ауқымды схемасы әшкере болғаны туралы хабарлады.
Компаниялар ресми түрде тұрмыстық техника мен тауарларды сатып алумен айналысты, алайда іс жүзінде мүлікті кепілге ала отырып қарыз берді, яғни лицензиясыз ломбардтар сияқты жұмыс істеді.
Тергеу мәліметтері бойынша, желінің бүкіл ел бойынша екі жүзге жуық филиалы бар. Схеманың иесі Сергей Койнов деп аталды, ол компанияларды сенімді адамдарға тіркеген. Дүкендер мен ломбардтар бір үй-жай мен персоналды пайдаланды, ал қарыздар қысқа мерзімге - бар болғаны 15 күнге берілді. Бұл ретте сыйақы мөлшерлемесі 16,2%-ға жетті, бұл заңмен белгіленген шектен төрт есе артық.
Осылайша, жүз мыңдаған азамат, соның ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар қарыз тұзағына түскен. Соңғы екі жылда заңсыз жоғары мөлшерлемемен кепілдік қарыз беру арқылы 3,5 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз өндірілген. Түскен кірістерді одан әрі заңдастыру үшін Койнов С.С. байланысы бар компаниялармен бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және сүйемелдеу бойынша жалған келісімшарттар рәсімдеген. Оның жалпы сомасы – 1,9 млрд теңге. Кейін бұл қаражат жеке депозиттік шотына дивиденд түрінде аударылған.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде 200-ден астам тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Агенттік қаржы реттеушісінің лицензиясы бар «Актив Ломбард» желісінің қызметі сотқа дейінгі тергеу нысанына жатпайтынын атап өтті. Оның бірде-бір филиалы жабылған жоқ, «Актив Маркетке» кепілге қойылған мүлік те тәркіленген жоқ, ол «Актив Ломбардтың» иелігінде.
Сонымен қатар, ҚМА азаматтардан заңсыз сыйақы алу фактілері бойынша тағы 14 істі тергеп жатыр. Күдікті ретінде 15 тұлға танылды. Осыған байланысты, микрокредиттік қызметпен айналысатын кәсіпкерлерді қарыз алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтауға шақырамыз. Азаматтардан заңсыз жоғары сыйақы мөлшерлемесін алған жағдайда кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады.
В Атырау +2