
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қылмыстық заңнамаға азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған өзгерістер күшіне енді.
Жаңа түзетулерге сәйкес, Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескертпе алынып тасталды. Бұған дейін адам ұрлағаны үшін айыпты тұлға жәбірленушіні еркімен босатса, жауапкершіліктен құтылуы мүмкін еді. Енді бұл жеңілдік жойылды – кінәлілер міндетті түрде жазаланады.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап – «Некеге мәжбүрлеу» енгізілді. Бұл әрекет қылмыстық құқықбұзушылық деп танылып, айыппұл, қоғамдық немесе түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жаза мөлшері:
- 2000 АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап,
- екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін.
Егер некеге мәжбүрлеу зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты немесе ауыр зардаптарға әкелсе, жаза 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтиды. Ал әрекет топпен, қызметтік өкілеттігін пайдалану арқылы жасалса, жазалау тетігі одан да қатаң.
Бұл өзгерістердің басты мақсаты – некеге мәжбүрлеудің алдын алу және ең алдымен әйелдер мен жасөспірімдерді қорғау.
В Атырау +2