
Отыз жылдан кейін Атырау облысында зейнеткерлер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуі мүмкін. Зерттеушілердің болжамынша, қарт адамдар үлесі 20%-дан асады, бұл тікелей туу көрсеткішінің төмендеуімен байланысты. Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы Алматыдағы Қазақстан медициналық университетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» осындай қорытындыға келді.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев пен әріптестері М. Камалиев, Қ. Құрақбаев, Д. Әбдіқалықова «Демографиялық жағдай және халықтың қартаю үрдістері: Атырау облысы бойынша талдау және болжам» атты зерттеу жұмысын ұсынды. Ғалымдар 2023–2024 жылдардағы ресми деректерді – халық саны, туу көрсеткіші, аурулар статистикасы және жас құрылымын талдап, қорытынды жасады. Нәтиже алаңдатарлық: өңір жылдам қартаюда, онымен қатар қарттықпен бірге келетін аурулар да артуда.
Балалар статистикадан жоғалып жатыр
Туу көрсеткіші Атырауда ғана емес, бүкіл елде төмендеуде. Мысалы, 2022 жылы Қазақстанда 403 893 бала дүниеге келсе, 2023 жылы – 388 428, яғни бір жылда 15 мыңнан астам балаға азайған. 2024 жылы жағдай одан әрі нашарлады: туу деңгейі 1000 адамға 18,29 балаға дейін төмендеді – бұл 2004 жылдан бері ең төмен көрсеткіш. Сол жылы елде дүниеге келген балалар саны 365 923 болса, 2004 жылы – 273 028 болған. Десе де, бұл көрсеткіш жиырма жыл бұрынғыдан жоғары және тіпті әлемдік орташа деңгейден асып тұр, бірақ төмендеу бағыты ғалымдарды алаңдатуда.
Ғалымдар екі сценарийді есептеді. Егер туу көрсеткіші төмендеуді жалғастырса: 2034 жылы қарт адамдардың үлесі 13–14 пайыз, 2044 жылы – 16–18 пайыз, 2054 жылы – 20 пайыздан асады. Яғни әр бесінші тұрғын зейнеткер болмақ. Егер туу 2024 жылғы деңгейде сақталса, көрсеткіштер азырақ болады, бірақ 30 жылдан кейін бәрібір қарттар үлесі шамамен 17 пайыз болады. Қалай болғанда да өңірде жұмыс күші жетіспеушілігі, зейнетақы мен денсаулық сақтау шығындарының өсуі, және экономикаға қысым қаупі күтіліп отыр.
Жасқа байланысты аурулар
Жас ұлғайған сайын аурулар да көбейеді. Атырауда қазір жүрек пен қан тамырлары ауруларының өсуі байқалуда. Бір жылда диагноздар саны 100 мың адамға шаққанда 1351,4-тен 2096,4 жағдайға дейін өсті.
Цереброваскулярлық аурулар, оның ішінде инсульттар, 246,6-дан 331,0-ге дейін өсті. Тыныс алу жолдарының аурулары екі есе артып, 2681,5-тен 6075,9-ға жетті. Дәрігерлер мұны маусымдық індеттермен, пандемия салдарымен және халықтың жоғары қозғалғыштығымен байланыстырады.
Диабеттің өсуі де алаңдатып отыр, оның көбеюін өмір салты мен артық салмақпен байланыстырады. Дегенмен, оң өзгерістер де бар: нәрестелер өлімі 1000 тірі туылған шақалаққа шаққанда 8,3-тен 6,7-ге төмендеді, ал аналар өлімі 100 мыңға шаққанда 16,2-ден 9,1-ге азайды. Бұл медициналық көмек сапасының жақсаруы мен жүктілік кезінде бақылауда болу қолжетімділігінің нәтижесі.
Зерттеу авторлары атап өткендей, халықтың қартаюы тек медициналық емес, экономикалық мәселе де болып отыр. Демографиялық үрдістер еңбек нарығының, әлеуметтік институттардың және зейнетақы жүйесінің болашағын анықтайды. Кез келген жағдайда облыс денсаулық сақтау саласына салмақ артуды, зейнетақы жасын көтеруді және әлеуметтік саясатты жаңа жағдайға бейімдеуді қажет етеді.
Басқа елдің тәжірибесі және біздің өміріміз
Ғалымдар мұндай қиындықтарға жауап ретінде Жапонияны мысал етеді. Онда мемлекет тек медицинаны ғана емес, тамақтанудан бастап ұйқыға дейінгі дұрыс өмір салтын да қолдайды. Сол арқылы қарттар белсенділігін сақтап, өмір сапасын жоғары ұстайды. Ал Қазақстанда «денсаулыққа пайдалы өмір салты» көбіне бизнеске айналып отыр. Эндокринологтар, нутрициологтар және коучтар мемлекеттік саясаттағы олқылықтарды жаппақ болып, арықтау және дұрыс тамақтану бойынша ақылы курстар ұсынады. Дұрыс әдеттер тек ақшасы бар адамдарға ғана қолжетімді болып отыр.
Токио қаласында халықтың қартаюы қоғам үшін үлкен сынақ ретінде қарастырылса, бізде бұл мәселе әлі де тек ғылыми зерттеулер мен конференциялардың тақырыбынан аспай отыр. Ал уақыт өте келе, 2054 жылға қарай демография жайлы талқылаулар жұмыс істейтін адамдардың жетіспеушілігімен аяқталуы мүмкін.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +2