– Өткен жылы алаңы 0,9 га болатын өзімнің жер телімім үшін 180 теңге сомасында салық төледім. Биыл салық басқармасынан осы телім үшін 7 мың теңгеден астам сомада жер салығын төлеуім қажеттігі туралы хабарлама келді. Салықты төледім, бірақ бір жыл ішінде оның сомасы неліктен өте көбейіп кеткенін білгім келеді. Егер салық басқармасының қызметкерлері хабарлама дайындаған кезде қателік жіберген болса, ал салық сомасы іс жүзінде аз болса, мен айырмашылық сомасын қайтара аламын ба?
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау қалалық салық басқармасы басшысының орынбасары Нұрым МҰХАМЕДИЕВ жауап берді:
– Елді мекендердің жерлеріне салынатын базалық салық мөлшерлемесі (үй жанындағы жер учаскелерін қоспағанда) 1 шаршы метр алаң есебімен белгіленеді. Мәселен, Атырау қаласы бойынша тұрғын үй қоры, соның ішінде оның іргесіндегі құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жерлерді қоспағанда, елді мекендердің жерлеріне салынатын базалық салық мөлшерлемелері 1 шаршы метр алаңға 8,2 теңге мөлшерінде белгіленген. Атырау қаласы бойынша тұрғын үй қоры, оның ішінде оның іргесіндегі құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жерлерге салынатын базалық салық мөлшерлемелері 1 шаршы метр алаңға 0,58 теңге мөлшерінде белгіленген. Сондай-ақ, салық есептелген кезде қалалық мәслихат бекіткен аймақтандыру коэффициенті қолданылады.
Қысқаша айтқанда, қала орталығына жер учаскесі жақын болған сайын, ол қымбат тұратын болады, тиісінше бұл жерге салынатын салық та жоғары болады.
Атап айтқанда, оқырман сұрағына келер болсақ, бұл жерде жеке тәртіппен анықтау қажет. Өйткені қазір айқын нәрсе айту қиын. Жер салығын есептеу кезінде біз жер комитеті ұсынған мәліметтерді басшылыққа аламыз. Ал тізім бойынша бізде жер салығын төлейтін 68 мыңнан астам салық төлеуші бар. Төленуі керек салық сомасымен келіспейтін салық төлеуші салық төлейтін жеке тұлғаларға қызмет көрсету орталығына (Салық комитетінің 1-қабаты) хабарлама құжатын алып бару қажет. Егер салық сомасы шынымен де қате берілген болса, сомадағы айырмашылықты салық төлеушінің есеп айырысу шотына қайтарамыз немесе ол келешектегі салық төлемінің есебіне жіберіледі.