
Атырау облысында 2000-нан астам адам кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Нұрмира Орынбаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, негізгі мақсат – салық рәсімдерін жеңілдету және азаматтарға түсетін әкімшілік жүктемені азайту. Жүйе қаржылық тәуекелі жоғары топтарды бақылауға да бағытталып отыр.
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі Қазақстанда 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары қамтылса, екінші кезеңде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, ал үшіншісінде заңды тұлғалардың басшылары мен жеке кәсіпкерлер есеп берді. Төртінші кезең биылдан бастап енгізілді.
Төртінші кезең бойынша декларацияны:
- шетелде мүлкі бар ҚР азаматтары мен резиденттері;
- жеке практикамен айналысатын тұлғалар;
- цифрлық активтері бар ҚР азаматтары, ҚР резиденттері;
- сайланбалы немесе мемлекеттік лауазымға және оларға теңестірілген кандидаттар;
- банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары болғысы келетін жеке тұлғалар тапсырады.
Биыл жоспар бойынша облыста 3 мыңнан астам адам кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыру керек. Декларацияда жылжымайтын және жылжымалы мүлік, банктік шоттардағы қаражат, бағалы қағаздар, цифрлық активтер мен өзге де мүліктер көрсетілуі тиіс. Құжатты 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін «Электрондық үкімет» порталы, e-SalyqAzamat қосымшасы және банк қосымшалары арқылы немесе қағаз нұсқада тапсыруға болады.
Декларацияны алғаш тапсырмаған азаматтарға ескерту беріледі. Ал қайталап бұзған жағдайда 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
В Атырау 0