
Қазақстандық заңгер сот арқылы FlyArystan лоукостерінен ұшақ бортындағы жарты сағаттық аптап ыстық пен тұншықтырған ауа үшін моральдық зиян өтемақысын өндіріп алды, деп хабарлайды newtimes.kz.
Оқиға шілде айында Шымкент – Алматы бағытындағы рейсте болған. Заңгер Аблай Байтеновтің айтуынша, сырттағы ауа температурасы 40 градусқа жеткен кезде жолаушылар кондиционері өшірілген, есіктері жабық ұшақтың ішінде шамамен 45 минут бойы ұсталған.
Мұндай қызмет көрсету сапасына келіспеген жолаушы сотқа талап арыз беріп, негізгі дәлел ретінде смартфонына түсірілген бейнежазбаларды ұсынған.
«Естеріңізге сала кетейін, шілде айында кешкі сағат бесте Шымкент әуежайында есіктері жабық, кондиционері қосылмаған ұшақтың ішінде бізді 45 минут бойы ұстап отырды! Соттағы әуе тасымалдаушының ұстанымы мынадай болды: ешқандай қорқынышты жағдай жоқ, ондай болып тұрады, ешқандай заңбұзушылық жоқ», — деп жазды Байтенов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алайда бірінші сатыдағы сот жолаушының талабын қанағаттандырды.
FlyArystan әуе компаниясынан моральдық зиян үшін өтемақы өндіріліп, сонымен қатар тасымалдаушыға талап қоюшының барлық сот шығындарын толық өтеу міндеттелді.
Заңгер істің әрі қарай жалғасуына дайын екенін айтып, әуе тасымалдаушы тарапынан апелляциялық шағым беріледі деп күтіп отырғанын жеткізді.
В Атырау +10.2