
Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқын алды: 2028 жылдың соңына дейін елдегі маңызды Арал-Каспий магистралінің құрылысын толық аяқтау жоспарланып отыр.
Ауқымды жұмыстардың барысы және Президент тапсырмаларының орындалуы туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев баяндады.
Арал мен Каспий арасындағы тасжолдың құрылысы тамыз айында басталған. Бұдан бөлек, ведомство тағы бір маңызды жол жобасын жүзеге асыруға дайындалып жатыр.
«Көкшетау — Петропавл» учаскесі бойынша биыл дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс және жөндеу жұмыстарына тікелей 2027 жылы кірісу жоспарланған», — деді Ластаев.
Көлік министрлігі жол төсемінің сапасына да қатаң бақылау орнатуға уәде берді. Бақылау жобалау кезеңінен бастап жолды пайдалануға беруге дейінгі барлық процесті қамтиды. Бұл талап республикалық маңызы бар тасжолдарға да, жергілікті жолдарға да қатысты болады.
Жолдардан бөлек, өзгерістер транзиттің басқа бағыттарына да қатысты болмақ:
Өткізу пункттері: 2027 жылдың соңына дейін шекарадағы 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары аяқталады.
Логистикалық хабтар: қазір Қазақстанда 46 логистикалық орталық жұмыс істейді. Ал 2030 жылға дейін тағы 21 орталық салу жоспарланып отыр.
Шетелдегі терминалдар: транзит көлемін арттыру үшін Қазақстан шетелдегі терминалдар желісін дамытып жатыр. Қазір үш нысан жұмыс істеп тұр, тағы жетеуінің құрылысы жүргізілуде.
В Атырау +10.2