Атырау, 29 қазан 13:30
 дождьВ Атырау +10.2
$ 457.09
€ 508.42
₽ 5.67

Қазақстанда жаңа Азаматтық кодекс: құқықтарды қорғау күшейеді

57 рет қаралды
СhatGPT көмегімен жасалған сурет
СhatGPT көмегімен жасалған сурет

Қазақстанда жаңа Азаматтық кодекс әзірлеу жұмыстары басталды. Қолданыстағы құжат 30 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Енді оны қазіргі экономикалық жағдайларға толық бейімдеп, қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы шешім қабылданды.

Үкімет отырысында ауқымды құқықтық реформаның басталғанын Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді.

Министрліктің атап өтуінше, қолданыстағы жүйені түбегейлі жою көзделмеген. Өз тиімділігін дәлелдеген барлық құқықтық тетіктер сақталады. Сонымен қатар құжат жаңа Конституцияның нормаларын ескере отырып, түбегейлі жаңартылады.

«Жеке құқықтың тиімділігін дәлелдеген институттарын сақтай отырып, жаңа экономикалық қатынастарға қатысушылар үшін түсінікті әрі нақты қағидаларды жетілдіру ұсынылады. Меншіктің барлық нысанын бірдей қорғау қағидатын дамыту аясында меншік иелерінің кепілдіктерін, адал жолмен мүлік сатып алушылардың құқықтарын қорғауды және шарттардың орындалу сенімділігін күшейту көзделіп отыр. Бұл азаматтардың мүлкін сақтауға және бизнес үшін болжамды жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Сәрсембаев.

Жаңа кодексті әзірлеуге Құрылтай депутаттары, ғалымдар, сарапшылар және бизнес-қоғамдастық өкілдері тартылады. Бұған дейін Әділет министрлігі қолданыстағы заңнама мен сот практикасына толық аудит жүргізеді.

Жаңа Азаматтық кодексті қабылдауды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тапсырған болатын. Мемлекет басшысы қолданыстағы құжаттың өтпелі кезең экономикасына арналып әзірленгенін және оның әлдеқашан ескіргенін атап өтті.

Жаңа Азаматтық кодексті түпкілікті қабылдау 2027 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.


Бүгін, 12:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.