
Археология әлемінде сыртқы келбетімен ғана емес, материалдық мәдени тарихымен де таңғалдырған объектілер бар. Солардың бірі – альбарелло.
Альбарелло (итал. albarello) – дәрі-дәрмек пен хош иісті заттарды сақтауға арналған цилиндр тәрізді керамикалық немесе фарфор ыдыс. Оны қазіргі дәрі-дәомек құтыларының прототипі деп айтуға болады, бірақ мәдени тұрғыдан әлдеқайда әсем әрі мәнді.
Альбарелло алғаш ислам әлемінде – Таяу Шығыста және Солтүстік Африкада пайда болды. Кейін бұл ыдысты жасау технологиясы Еуропаға жетіп, XIV–XVI ғасырларда итальяндық шеберлер оны жетілдірді. Сол арқылы альбарелло еуропалық дәріхана дәстүрінің символына айналды.
Бұл ыдыстар бүкіл Еуропада – әсіресе Италия, Франция және Испаниядағы дәріханаларда қолданылған. Онда ұнтақтар, майлар, шәрбаттар және алыс шетелдерден әкелінген сирек ингредиенттер сақталған.
Әр альбарелло жарқын өрнектермен - көбінесе гүлді ою-өрнектермен, әулиелердің бейнелерімен, гербтермен, мифологиялық сюжеттермен немесе дәріхана иесін меңзейтін геральдикалық белгілермен безендірілген. Кейде ыдыстың сыртына құрамның латын тіліндегі атауы жазылған, бұл оны сол дәуір медицинасы мен фармакологиясы туралы бірегей дерек көзі етеді.
Альбарелло қолөнер бұйымы ғана емес. Суретшілер оны сәндік-қолданбалы өнер туындысына айналдырған. Ыдыстар кобальт көк, көк жасыл және жоса түсті өрнектермен, кейде алтынмен безендірілген. Олардың көпшілігі Еуропаның ең көрнекті музейлерінде орын алған. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде де альбарелло экспозициясы бар.
Экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Ғалия Назарбекованың айтуынша, бұл экспонатты 2000 жылы Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы Сарайшық қазбаларынан тапқан. Биіктігі 22,5 см болатын керамикалық ыдыс қызыл саздан көзеші ұршығымен жасалған, орта ғасыр суретшісі оны ашық жасыл бояумен бояп, өрнектермен безендірген.

Альбарелло – жай ыдыс емес. Ол медицина, өнер және қолөнер бір-бірімен тығыз байланыста болған дәуірдің символы. Бұл мәдениеттің, философияның, эстетиканың бір бөлігі. Әрбір осындай жәдігерде уақыт тынысы, адам білімі, сенімі және дертке дауа табуға үміт ізі сақталған.
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау 0