
Индербор кентіндегі «Барлаушы» ықшам ауданындағы екі қабатты М. Жұмабаев, 7,8,9-шы үйлердің тұрғындары адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр.
Баспаналар 1950 жылдары пайдаланылуға беріліпті. Тұрғындардың айтуынша үйлер бастапқыда кеншілерге жатақхана ретінде салынып, одан кейін халыққа баспана ретінде берілген. Қабырғасы кірпіштен салынғанымен іргетасы болмағандықтан үй жылдан-жылға төмен шөгіп, салдарынан терезелердің әйнектері шытынып істен шығып жатқан көрінеді.
Канализация мен ауыз су құбырлары ескіріп жарамсызданып, екі күннің бірінде жарылып берекетті алып тұр екен. Оның үстіне әбден ескірген төбе шатырлары ұшып, кей жерлері жалаңаштанып, жылу тұрбасы қисайып құлап жатыр. Әбден тозып кеткені соншалық баспана ішін жылан жайлап, қарақұрттар қаптап кеткен.
- Үйдің іргетасы жоқ болуына байланысты жаңбыр жауғанда, болмаса қар ерігенде барлық су ішке кіріп, өз баспанамызға өзіміз кіре алмай жүреміз. Амал жоқ подьезге кірген суды шелектеп тасып, далаға төгеміз. Осы жылдың 19 тамызы күні болған қатты жаңбыр мен дауылда үйдің шатырының шифрлары ұшып қиын жағдайға қалдық. Депутаттар мен әкімиятқа телефон арқылы шыққанымызбен біздің қалімізді білуге бірде-бірі келген жоқ,-дейді Әсима ДІЛМҰҚАШЕВА.
- Мен көп балалы анамын. Канализация орталық жүйеге қосылмаған. Біздер бірінші қабатта тұрамыз, екінші қабаттағы нәжіс біздің үйден шығып, ванныйдан кухняға барады. Үй нәжіске былғанып, демала алмай тұншығып отырғанымыз. Ауыз су құбыры, ток жүйесі де әбден тозды. Ауыз су екінші қабатқа көтерілмейді. Биыл жазда үйдің ішінде қарақұрт қаптап кетті, балаларды шағып алмасын деп оны өлтіріп отырдық. Нешетүрлі жәндік бар, тышқан өріп жүр, жылан, бүйі де көп шығып тұр,-дейді көршісі Жания ІЗІМ.
Екінші қабатта тұратын тұрғын Аққаным МҰҚАНБЕТҚАЛИЕВА шатырдың кейбір бөліктері жалаңаштанып тұрғандықтан үйге су сорғалап ағатынын айтты. Бір тұрғын соттасып канализацияны екі үйге біріктіріп құдық қазып алған. Бұл үй тұрғындарының ескі гараждары бар екен, оның кейбірі құлап жатыр, айнала толған қоқыс. Тіпті екі гаражды арақ ішетін маскүнемдер өртеп кеткен. Балалардың ойнайтын орыны жоқ.
Бұдан жергілікті әкімдік те хабардар. ГАСК 2019 жылы үйлерді апатты деп танып, тұрғындарға ресми хат та берген. Аудан әкімінің орынбасарының тұрғындарға берген хатында 2021-2025 жылдары көшіру жоспарында тұрғаны жазылған. Бірақ неге екені белгісіз көшіру жайына қалған.
- М. Жұмабаев көшесіндегі осы үш үйге (24 пәтер) қаржылай береміз деп ойлап, облыстық әкімшілікке сұраныс бергенбіз. Алайда әзірге ол қаржы бөлінбей тұр,-дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Әсет ОРАЗҒАЛИЕВ.

Ал ауданда апатты тұрғын үйлерді сатып алу бағдарламасы бойынша Бөдене ауылының тұрғындары жаңа пәтерлерге көшкен. Барлаушы ықшамауданындағы басқа ескі үйлердің тұрғындары көшірілген немесе ақшалай қаржы алған. Ал осы үш үйге уәде беріп қана отыр.
"Бұл үйде көп балалы, табысы төмен, зейнеткер қарттар тұрады. Біздің өздігімізбен үй салып немесе сатып алуға ешқандай жағдайымыз жоқ. Талабымыз - «Көктем» мөлтек ауданындағы жаңа үйлерден баспана бөлсін, болмаса қаржылай ақша берсін. Бізге құр уәде керек емес»,-дейді тұрғындар.
Ал әзірге іргетасы қаланбаған үйлердің тағдыры белгісіз. Тозығы жетіп, ескіріп кеткен үйдің тұрғындары өз пәтерлерінің кілті қашан қолдарына тиетінін күтіп жүр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Видеоны түсірген автор
В Атырау 0 


