Атырау, 5 желтоқсан 07:51
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Қола айналар құпиясы

Сурет
900 рет қаралды

Қазба жұмыстары кезінде табылған қола айна – маңызды археологиялық олжа. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде мұндай қазбаның толық коллекциясы сақталған. Бұл коллекция ежелгі мәдениеттер туралы көбірек білуге мүмкіндік береді.

Көптеген жәдігерлер Қызылқоға, Индер және Жылыой аудандарындағы қорымдарды қазу кезінде табылған. Көне Сарайшық қаласынан табылғандар да бар. Айта кету керек, Қазақстандағы қорымдардың 95%-ы бұрынғы ғасырларда «ескі заттарға құмар» адамдар тарапынан талан-таражға ұшыраған, сондықтан заманауи шынайы зерттеушілерге көбінесе тек қалдықтары ғана жетеді.

Құрманғазы ауданының Азғыр өңіріндегі археологиялық қазба жұмыстары

Қабірлерден табылған олжалар ежелгі адамдардың о дүниеге деген көзқарасын айқын сипаттайды. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салғанда, оған «о дүниеде» керек болады-ау деген заттардың бәрін қабірге бірге қойған. Марқұм бай-қуатты, беделді, атақты болған болса, қабір ішіндегі дүние-мүлік те соған сай мол болған: қару-жарақ, жебелер, ыдыс-аяқ, әшекей бұйымдар және тағы басқа көптеген заттар, тіпті айнаға дейін салынған.

Құрманғазы ауданы, Азғыр

– Мұндай айналардың әлемдік тарихы кемінде бес мың жылды қамтиды, – дейді экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ғалия Назарбекова. Олар ғалымдарға ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, діни наным-сенімдері, сауда жолдары мен түрлі өңірлер арасындағы мәдени байланыстары, тіпті металлургиялық білім деңгейі жөнінде аса құнды зерттеу материалын береді. Атырау облысы аумағынан табылған айналар қоладан жасалған және ерте темір дәуірі мен орта ғасырларға жатады.

Музей қорын толықтырған алғашқы жәдігер – Жылыой ауданындағы Иманқара тауы маңындағы қорғандар тобына жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылып, қорға қабылданған қола айна болды. Иманқара – Атырау облысындағы ең танымал тау, ол облыс орталығынан 240 шақырым жерде, атақты борлы Ақкегершін үстіртінің маңында орналасқан. 

Бұл аумақта археологиялық қазба жұмыстары 1989 жылы басталды. Нәтижесінде тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізілген зерттеу барысында біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жататын 18 қорған анықталды. Бұл кезеңде Каспий маңы аймағын жауынгер сармат тайпалары мекендеген.

– Ал мына бір қола айна, дәлірек айтқанда, оның сынықтары 1999 жылы Жылыой ауданындағы алтын киім киген адам жерленген  Аралтөбе қорғандар кешеніне жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Қорғандардан табылған олжалар біздің дәуіріміздің II ғасырына жатады. Ғалымдардың пайымдауынша, сынған айналар қабірге әдейі қойылған. Сарматтардың сенімі бойынша, айна – о дүниемен байланыс орнататын құрал, ал сынған айна – адамның бұл дүниемен байланысының үзілгенін білдіреді. Бұған қоса, сармат мәдениетінде айна дұшпанының жанын өзіне сіңіріп алады деген түсінік болған. Сондықтан айнаның иесі қайтыс болғаннан кейін, оны қалпына келтіру мүмкіндігінсіз жою қажет деп есептелген, – дейді Г. Назарбекова.

Қола айналар өте көмескі және анық емес бейне беретін. Уақыт өте келе олардың беті тез қарайып кететін болған. Сондықтан адамның өз бейнесін көруі үшін айнаны үнемі және ұзақ уақыт бойы жылтыратуға тура келген. Айна тек сән-салтанаттың белгісі ғана емес, сонымен қатар сиқырға ие зат ретінде де қарастырылған. Оның пішіні көбінесе дөңгелек болған, бұл күнмен ұқсастық ретінде қабылданған. Ал айнаның артқы беті нағыз көркемөнер туындысы болған.

Осыдан 13 жыл бұрын өлкетану музейінің экспедициясы Индер ауданына қарасты Жарсуат ауылы маңындағы Қылыш-2 қорғанына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде өте қызықты жәдігерді анықтады. Бұл – 20–25 жас шамасындағы, сарматтар немесе ғұндар тайпасына тиесілі ақсүйек әйелдің (патша тұқымынан болуы ықтимал) қабірі. Ерекше назар аударарлығы – бұл қорғанға қазына іздеушілердің қолы тимеген. Мамандар бұл жерден күміс белдік ілгектері, ақық тастан жасалған моншақтар, жыртқыш жануардың тісінен жасалған тұмар, үлкен қазан және бұрын-соңды кездеспеген, жақсы сақталған қола айнаны тапты. Айнаның бір беті бедерлі, сегіз аяқты ирелеңдеген айдаһар мен свастика бейнеленген.

Қылыш-2 қорғанындағы қабір, Индер ауданы

Айта кету керек, свастика сарматтарда, сондай-ақ скифтер мен сақтарда күннің символы ретінде қолданылған. Ал айдаһар бейнесі көбіне Қытай мәдениетінде кездеседі. Ендеше, мифтегі от шашатын жыртқыш бейне бұл өңірге қалай жеткен? Бұл олжа сол кезде нағыз сенсацияға айналды, себебі Қазақстан аумағында мұндай айна бұрын-соңды табылған емес.

Миялы қорғандар тобының қазба жұмыстары

Кейінірек археологтар бұл айна иесіне сыйлық ретінде берілген болуы мүмкін деген болжам ұсынды. Мұндай сый дипломатиялық қатынастарды орнату немесе қолдау мақсатында жасалған болуы ықтимал. 

Айта кету керек, Қазақстанда 15 тамыз күні Археологтар күні атап өтіледі. Бұл – мемлекеттік емес, кәсіби мереке. Ол археологтардың бастамасымен белгіленіп, ғылыми қауымдастық тарапынан қолдау тапқан.

Лев ГУЗИКОВ

Автордың және музей архивінен алынған суреттер

15 тамыз, 15:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.