Атырау, 6 желтоқсан 07:43
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

«Атырау Жарық» тарифтердің көтерілуіне қатысты пікір білдірді

880 рет қаралды

«Атырау Жарық» ЖШС баспасөз қызметі кеше жарияланған материалымызға түсініктеме жолдады. Мәтін өзгеріссіз беріліп отыр.

«2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасында электр энергиясының көтерме нарығында Бірыңғай сатып алушы (БС) моделі енгізілді. Жаңа ережелерге сәйкес, көтерме нарықтың барлық субъектілері, соның ішінде энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, электр энергиясын тек Бірыңғай сатып алушыдан – «ЖЭК қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС-нен сатып алады. БС-дан сатып алу бағасы барлық субъектілер үшін бірдей белгіленген.

Осылайша «Атырау Жарық» ЖШС енді «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нен тікелей электр энергиясын сатып алмайды, оны жаңа нарық моделіне сәйкес Бірыңғай сатып алушы арқылы алады.

1 тамыздан бастап Қазақстан бойынша 15 электр станциясы электр энергиясының босату бағасын көтерді. Біріңғай сатып алушы бағасының құрамдас бөліктерінің бірі – электр энергиясын өндіру көздерінен сатып алудың орташа өлшенген бағасы.

Алдағы уақыттағы тарифтің көтерілуіне келер болсақ, «Атырау Жарық» ЖШС 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап тұтынушыларға арналған электр энергиясының шекті тарифін көтеру туралы хабарламаны уәкілетті органға жолдады. Бағаның өсуінің негізгі себептері – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «ЕЭС Россия» РАҚ-нан сатып алынатын электр энергиясы бағасының қымбаттауы, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап өңірлік желілер арқылы электр энергиясын тарату қызметі тарифінің өсуі, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «ЖЭК қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС тарапынан электр қуатын жеткізуге дайындықты қамтамасыз ету бағасының 1 МВт үшін қымбаттауы, сондай-ақ «KEGOC» АҚ жүйелік қызметтері құнының артуы.

Айта кетейік, бағаның көтерілуі әзірге бекітілген жоқ, жоба қазір Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінде сараптамадан өтуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін электр энергиясының тарифтері барлық тұтынушы топтар үшін бірдей болады.

ҚР Президентінің 2024 жылғы 8 мамырдағы №542 «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстанда тұрғындар, бизнес және ұйымдар үшін түрлі тарифтер кезең-кезеңімен жойылады. Қазір тұрғындар үшін баға төмен, ал кәсіпорындар мен кәсіпкерлер үшін жоғары. Бұл – тоғыспалы субсидиялау деп аталады.

Өтпелі кезең біртіндеп жүзеге асырылады және 2029 жылдың соңына қарай электр энергиясының тарифі барлық топтар үшін бірдей болады».


14 тамыз, 18:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.