
Әлеуметтік желіде тұрғындар Атырау қаласындағы №7 қалалық емханада ғимарат ішінде кондиционерлер мүлдем жұмыс істемейді деп шағымдануда. Олардың айтуынша, ыстық күндері ұзын-сонар кезекте сағаттап күту өте қиын.
- 7-ші қалалық емханада кондиционер жоқ. Іштің ыстығы деген сұмдық, адам өліп кетуге болады. Ешқандай жағдай жасалмаған. Кезекте сағаттап тұрамыз, оның ішінде қанша бала, аяғы ауыр әйелдер бар. Бір минут отыру мүмкін емес, - деп дейді тұрғын.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, №7 Атырау қалалық емханасында қазіргі уақытта барлығы 80 кондиционер жұмыс істейді. Оның 15-і биыл сатып алынған. Сонымен қатар, емхананың бірінші қабаты мен мәжіліс залына қуаты жоғары кондиционерлер қойылған.
"Кабинеттер мен ұзын дәліздердерде істен шыққан кондиционерлер де бар. Олардың орнына қосымша қуаты үлкен жаңа құрылғылар алу үшін сұраныс берілді. Қазіргі кезде оларды сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді «АЖ» сауалына денсаулық сақтау басқармасы.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0