
Атырау облысының Құрманғазы ауданына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің Кеңесшісі Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы бойынша жиын өткізді. Кездесуде ауыл тұрғындарының табысын арттыру, кооперацияны дамыту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері кеңінен қаралды.
Ералы Тоғжанов қатысушылардың пікірлерін тыңдап, бағдарламаның тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Оның сөзінше, «Ауыл аманаты» – ауыл халқының өмір сапасын жақсартуға арналған маңызды жоба және оның іске асырылуы жалғаса бермек.
Жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, ауыл шаруашылығы кооперативтері төрағалары және сала мамандары қатысты.
Аудандық Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлептің мәлімдеуінше, 2023 жылдан бастап бағдарламаға 200-ге жуық кәсіпкер несие алуға ниет білдіріп, оның 36-сы жеңілдетілген 2,5 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылды. Бұл қаражат мал шаруашылығын дамытуға, жаңа техника мен өңдеу жабдықтарын сатып алуға бағытталған.
Сапар аясында Ералы Тоғжанов Еңбекші ауылдық округіндегі «Сандуғаш» шаруа қожалығын аралап көрді. Мұнда кәсіпкер Асылбек Еділбаев 20 гектар жерге көкөніс пен бақша дақылдарын егуде. Маусым кезінде шаруашылық 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып, әр гектардан орташа есеппен 150 тонна қауын, 100 тонна қарбыз, 150 тонна қызанақ және 20 тонна қияр жиналып отыр.
В Атырау +3