
Атырау облысында биылғы алты айдың қорытындысы бойынша тұтынушыларға жалпы 24,6 миллион теңге өтелді. Бұл туралы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Самат Емберген брифингте хабарлады, – деп жазады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Есепті кезеңде департаментке шамамен 470 өтініш түскен. Оның көпшілігі бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрмыстық қызмет, туризм және байланыс салаларына қатысты. Жоспардан тыс 55 тексеру жүргізіліп, 27 кәсіпкерге қатысты шара қолданылды және 2,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Самат Ембергеннің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін күнделікті бақылау жүргізіледі. Биыл 23 комиссия отырысы өтіп, «Сауда қызметін реттеу туралы» заң талаптарын бұзған 40 кәсіпкерлік субъектісіне тексеріс жүргізілді. Соның ішінде 16 кәсіпкер айыппұл төледі, 7-сі ескерту алды. Бағаларды тұрақты ұстау мақсатында жергілікті өндірушілерге 294 тегін сауда орны берілген.
Сонымен қатар, «Сарайшық» базары мен «Мұнайшы» стадионы маңында апта сайын азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Биылдан бері 100-ден астам жәрмеңке өткізілген.
Департамент басшысы сапасыз және қауіпті өнімдерді анықтау үшін «Сапалы өнім» жобасы аясында тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тұтынушылар өз құқығы бұзылған жағдайда департаментке тікелей жүгінуіне болады.
В Атырау +3