
Атырауға танымал қазақстандық адвокат Жанна Оразбахова келді. Ол алты жарым жылға сотталған блогер Рано Нигметованың ісі бойынша апелляцияға қатысады.
Отырыс алдында адвокат қорғалушысына тергеу изоляторына барып, көрген жағдайдан қатты шошыды.
— Ондағы жағдай өте нашар. Бұл 37-жылдардағы соғыс пен репрессиялар туралы фильмдер үшін дайын локация сияқты. Қабырғалары қабыршақтанып, баспалдағы шайқалып тұрған лас дәлізде тұрғанда, НКВД қызметкері шығып, бізді атуға апарардай әсер алдым, — деді Оразбахова.
Ол Освенцим мен Биркенау туралы көптеген деректі фильмдер көріп, кітаптар оқығанын айтып, «ондағы жағдай да мұндағыдан жақсы болды» деді.
Оның айтуынша, клиентіне бара жатқан жолда қоқыс үйіндісіне айналған ғимараттың жанына өткен. Қоқыс төбеге дейін үйілген, терезелерден сасыған түрлі-түсті пакеттер төгіліп жатыр екен. Адвокат көп елдерде ауыр қылмыспен сотталған адамдарға да адамгершілікпен қарап, оларға түзелуге және қоғамға қайта оралуға жағдай жасалатынын айтты.
— Мұнда адамдардың жалғыз ойы өз-өзін өлтіру болса, қалай түзелу туралы айтуға болады? Әсіресе, қамаудағылардың көпшілігі кінәсі дәлелденбеген, зорлық-зомбылықсыз істер бойынша отыр, — деді ол.
Оның қорғауындағы жандар арасында кәсіпкерлер, ғалым және екі қыз бар, олар алаяқтық күдігімен айыпталып, жарты жылдан және бір жылдан қамауда отыр. Оразбахова қамаудың орнына кепіл қолдануды, ал оған бөлінетін қаржыны тергеу изоляторын адам тұратындай жағдаймен қамтамасыз етуге жұмсауды ұсынды. Ол ІІМ-ге изоляторды тез арада жаңғырту туралы үндеу жасады.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +3