
Атырау қаласына қарасты ауылдық округтердегі алты мектептің сынып бөлмелері биыл модернизациядан өтті.
Атап айтқанда, №44 мектеп-гимназиясы, Б.Момышұлы атындағы №25 мектеп, Ф.Оңғарсынова, М.Отаралиев, М.Өтемісұлы атындағы және Еркінқала жалпы білім беретін орта мектебінің оқушылары жаңа ресурстармен қамтамасыз етілді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары 2022–2023 оқу жылында басталған. Осы уақыттан бері жоба аясында 16 ауылдық білім беру ұйымы жаңартылды. Жұмыстар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, модернизациялаудың басты мақсаты — ауыл мектептеріндегі пәндік кабинеттерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтып, оқушылар үшін әлеуметтік маңызы бар нысандарды жаңарту.
— Нәтижесінде 16 білім беру нысанының кітапханасы, пәндік және компьютерлік сыныптары, сондай-ақ спорт залдары жаңартылып, пайдалануға берілді, — деді ол.
Айта кетейік, Атырау қалалық білім бөліміне қарасты 68 жалпы білім беретін мектептің пәндік кабинеттерін жасақтау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
В Атырау +3