
Атырау облысының Полиция департаменті «Ақ Жайықтың» ресми сауалына жауап беріп, қоғамда үлкен резонанс тудырғанына қарамастан, блогер Жұлдыз Сағиденге қатысты ҚР ҚК 131-бабы («Қорлау») бойынша неліктен қылмыстық іс қозғалмағанын түсіндірді.
Сағиден сақал қойған ер адамдарды «әйел сияқты» және «жиіркенішті» деп сипаттап, олар туралы жағымсыз пікір білдірген даулы видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Заңгерлер мен белсенділер оны топ адамдарды көпшілік алдында қорлағаны үшін жауапқа тартуды талап еткен еді.
Алайда, полицияның түсіндіруінше, ҚР ҚК 131-бабы жеке айыптау істеріне жатады. Бұл жерде қылмыстық іс тек жәбірленушінің арызы бойынша ғана қозғалуы мүмкін деген сөз.
«Осы дерек бойынша жәбірленушілерден шағым түспеуіне байланысты ҚР ҚК-нің 131-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралған жоқ», – делінген Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары А.Сейдуалиевтің қолы қойылған ресми жауапта.
Дегенмен, блогерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салған, бірақ кінәсін мойындап, өкінгені үшін бұл сома 55 048 теңгеге дейін қысқартылды.
Бұдан бөлек, видеоны қараған кезнде тағы бір заңбұзушылық анықталды. Сағиден көлік жүргізіп бара жатқанда қауіпсіздік белдігін тақпаған және қолына телефон ұстаған, сонымен қатар алдыңғы орындықта бала отыр. Осы факт бойынша оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабымен хаттама толтырылды.
«Әлеуметтік желіде жарияланған бейнематериалды қарау барысында, сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды», – деп растады А. Сейдуалиев.
Әкімшілік шараларға қарамастан, әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі бұл жағдайдың көпшілікке жария болғанын және блогерлердің аудиторияға әсерін ескере отырып, жаза қатаң болуы керек деп санайды.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +3