
Каспий теңізі мен оның жағалауындағы биологиялық әралуандылықты сақтау мақсатында Қиғаш өзеніне қортпа, пілмай, бекіре, қара шабақ және шоқыр сынды бекіре тұқымдас 52 160 балық шабағын жіберілді.
Бұл жұмыстарды «ҚазТрансОйл» АҚ-ның еншілес ұйымы «Магистралды су құбыры» ЖШС атқарды.
Жіберілген шабақтың жалпы салмағы 1 565 килограмнан асты. Әр шабақтың орташа салмағы — шамамен 30 грамм. Олар табиғи ортада тіршілік етуге бейімделген, өсіп-жетілген. Мұндай шабақтардың табиғи жағдайда өмір сүру мүмкіндігі жоғары саналады.
Қиғаш өзені — Атырау және Маңғыстау облыстарының бірқатар аудандары үшін негізгі тұщы су көзі. Оның суы «Астрахань — Маңғышлақ» магистралды су құбыры арқылы жеткізіліп, өңірдің ауыз су, ауыл шаруашылығы және мұнай өндіру салаларын қамтамасыз етеді.
Балықтандыру өзеннің биологиялық әралуандығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Ол бірнеше кезеңнен тұратын күрделі процесс: уылдырық алу мен инкубациялаудан бастап, дені сау шабақтарды өсіріп, оларды табиғи ортаға жіберуге дейінгі жұмыстарды қамтиды. 2024 жылы өзенге 23 600-ден астам бекіре шабағы жіберілген болатын. Осы бағыттағы жұмыс 2026 жылы да жалғасын табады.
Бұл бастама «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобының экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарын ұстанатынын айқын көрсетеді.
В Атырау +1