
Атырау облысында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Ел үшін маңызды статистикалық науқан БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санақтары бағдарламасы аясында өткізіліп жатыр.
Санақ Атырау облысында 200-ге жуық ауыл шаруашылығы құрылымын, шамамен 4 мың шаруа және фермер қожалығын, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді қамтиды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының АОД басшысы Нұржан Құмарғалиев мәлімдеді.
– Санақ аграрлық сектордың нақты ахуалын зерделеп, ауыл шаруашылығымен айналысатын құрылымдар мен үй шаруашылықтары туралы өзекті деректерді жинауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер аграрлық саясатты қалыптастыруға, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жоспарлауға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға сеп болады, – деді Құмарғалиев.
Сауалнамада жер пайдалану, мал шаруашылығы, техникалық жабдықталу, өнім өткізу және еңбек жағдайлары сияқты негізгі бағыттар қамтылған. Санақ 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн форматта өтеді. Порталда сауалнама толтыру жөніндегі бейненұсқаулықтар мен интерактивті кеңестер де қарастырылған.
Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 байланыс нөмірі және SANAQ мырза чат-боты азаматтарға кеңес беруге дайын.
В Атырау +3