Атырау, 6 желтоқсан 10:54
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырауда мемлекеттік қызметшілерге азаматтарды қабылдау мен әдеп нормалары түсіндірілді

411 рет қаралды

Атырау облысында мемлекеттік қызметшілерге арналған дәріс ұйымдастырылып, азаматтарды қабылдау тәртібі мен қызметтік этика талаптары кеңінен түсіндірілді. Іс-шараны облыс әкімінің аппараты ұйымдастырды.

Жиынға Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ербол Жұмабай және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев жетекшілік етті.

Дәріс барысында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебі, азаматтармен тиімді қарым-қатынас орнату жолдары, қабылдау кезінде сақталуы тиіс мінез-құлық стандарттары және жұмыс уақыты тәртібі мәселелері қозғалды.

– Мемлекеттік қызметкер үшін азаматтарды қабылдау – жай рәсім емес, бұл – үлкен жауапкершілік жүктейтін маңызды міндет. Әрбір келушінің уақыты мен мәселесі назарда болуы тиіс. Тыңдай білу, сыпайылық таныту, нақты әрі түсінікті жауап беру – қызметтік әдептің негізі, – деді Нұрлан Еркебаев.

Айта кетейік, 2023 жылдың сәуірінен бастап азаматтарды қабылдаудың жаңартылған форматы енгізілді. Ал 2023 жылғы 28 желтоқсанда облыс әкімінің аппараты бекіткен бұйрыққа сәйкес, жеке өтініштерді қарау тәртібі стандартталып, тұрғындармен кері байланысты жақсарту мақсатында бірқатар өзгерістер енгізілді.

Іс-шара соңында Ербол Жұмабай мемлекеттік қызметшілерді заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға және азаматтардың өтініштеріне салғырт қарамауға шақырды.

– Мемлекеттік мекемеге келген әр азамат өзін құрметтелген және тыңдалған күйде сезінуі керек. Бұл – мемлекеттік қызметтің беделін арттыратын басты көрсеткіш. Қоғаммен ашық әрі сыпайы қарым-қатынас орната алатын маман – нағыз кәсіби мемлекеттік қызметші, – деді ол.

Сонымен қатар, азаматтарды жеке қабылдау барысында қызмет көрсетудің барлық регламенттері мен этика нормалары қатаң сақталуы қажет екені де ерекше атап өтілді.

1 тамыз, 14:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.