
Редакцияға хабарласқан қала тұрғыны Рустам есімді оқырманның айтуынша, соңғы екі айдан бері «Атырау Жарық» мекемесі Құрманғали көшесінде сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін электр жарығы өшірілетіні жөнінде күн сайын хабарландыру жариялап келеді. Алайда іс жүзінде бұл аралықта жарық өшпеген.
"Екі ай бойы күн сайын сегіз сағатқа жарық өшіріледі деп хабарлап отыру - қала орталығында тұратын тұрғындарды әуре-сарсаңға салып, алаңдатумен келеді. Шын мәнінде жарық сөнбесе де, "өшеді" деп ескерту жасау - халықты жаңылыстырады. Ал егер жарық шынымен күн сайын сөндірілсе, қала орталығындағы тұрғындар қалыпты өмір сүре алар ма еді? Мұндай жағдай бүкіл күнделікті тіршілікті тоқтатар еді. Сондықтан біз үшін "жарық өшіріле ме, жоқ па" деген нақты жауап маңызды", - дейді оқырман.
Бұл мәселе бойынша «Атырау Жарық» ЖШС-не ресми сауал жолдадық. Мекеме ұсынған жауапқа сәйкес, Құрманғали көшесі мен оған іргелес аумақтарда 0,4 кВ әуе электр желілеріне ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- Жөндеу жұмыстары бекітілген жоспар-кестеге сай атқарылуда. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында белгілі бір уақыт аралығында және жекелеген көшелердің бөліктерінде ғана жарық уақытша ажыратылуда. Бұл толықтай бір аудан немесе көше жарықсыз қалды дегенді білдірмейді. Жөндеу жұмыстары жақын арада аяқталады, - делінген «Атырау Жарық» жауабында.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау +3