
«Магистральды су құбыры» ЖШС-нің Астрахань – Маңғышлақ су құбырының 449-дан 499 шақырымына дейінгі учаскені қайта құру кезінде 6,4 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгендер қатарында «ҚазТрансОйл» жүйесінде әлі де жұмыс істеп жатқан топ-менеджерлер бар.
Еске сала кетсек, ауқымды жаңғырту туралы шешім 2020 жылы қабылданды: тозығы жеткен құбырларды ауыстыру және өткізу қабілетін арттыру қажет болды. «ҚазТрансОйл» мемлекеттік компаниясы Астрахань – Маңғышлақ су құбырының 449-дан 499 шақырымына дейінгі учаскесін қайта жаңартуға 17 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді. Мердігер ретінде «АСК Құрылыс-Компаниясы» фирмасы, ал бақылаумен еншілес ұйым – «Магистральды су құбыры» ЖШС айналысты.
2023 жылдың соңында қайта жаңартылған учаске салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бірақ бір кемшіліктер болды...
Лай су
Адамдар краннан таза судың орнына лай су ағып тұрғанын жиі байқайтын болды. Жаппай шағымдану көбейді: халық суды ішу қауіпті екенін айтты: ол кейде қара, кейде сарғыш болып ағады, оның үстіне жағымсыз иісі бар.
Мамандар талдау жүргізіп, өздері шошыды – лайлылығы мен түсі нормадан ондаған есе асып кеткен суды ішуге болмайтыны былай тұрсын, онымен жуынуға болмайды екен.
«АЖ» Құлсарыдағы өмірлік маңызы бар ресурстың осындай өрескел жағдайда болуының себебін анықтауға тырысты, бірақ ол кезде «Магистральды су құбыры» өндірістік-техникалық департаментінің директоры Вячеслав Рощепкин су сапасының өзгеруі – жаңа құбырларды іске қосқан кездегі «қалыпты құбылыс» деп түсіндірді. Яғни, күте тұрыңдар, өзі кетеді дегендей. Ол кезде тұрғындар күте алмайды, өйткені бірнеше ай бойы суды қолда бар құралдармен тазартуға мәжбүр болған және бұл жағдайдың бәрі денсаулыққа да әсер ете бастады.
Шамамен осы уақытта, инсайдерлік ақпарат бойынша, жобалық-сметалық құжаттамаға салынған құбырлардың іс жүзінде қолданылған құбырлардан айтарлықтай ерекшеленетіні белгілі болды. Ұзақ уақыт бойы қадағалау органында бұл дерек құпия болды, ал «Магистральды су құбыры» ЖШС, белгілі себептермен, журналистерге егжей-тегжейлі мәліметтерді айтқан жоқ.
Кейін ресми түрде анықталды: мердігер жақсы құбырлардан «үнемдеп», басқа елден арзан құбырлар сатып алған. Ал есеп Қазақстанның ішкі бағалары бойынша, айтарлықтай үстеме бағамен жүргізілген. 6,4 миллиард теңге айырмашылық аффилирленген фирмалар арқылы шығарылған.
Арнайы прокурорлар ЖШС басшылары мен мердігерлер ақшаны жеке қажеттіліктеріне де жұмсағанын айтады: оның ішінде ұшуға және үшінші тұлғаларға аударымдар жасауға. Күдіктілерге тиесілі 1 миллиард 100 миллион теңге сомасындағы мүлік тәркіленгені де мәлімделді.
Қандай мүлік, кімге және қанша сома аударылғаны – әлі де құпия.
Іске қатысы барлар және сот процесі
Іс бойынша кем дегенде бес адам: «Магистральды су құбыры» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Берік Салпек, оның орынбасары Асқар Құлтумиев, сондай-ақ мердігер және жобалық компаниялардың үш өкілі күдікті ретінде өтуде. Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, 2025 жылдың сәуір айында Атырау қалалық сотына берілгені белгілі.

Осыншама ірі көлемде жымқырырған қаражат болғасын барлық фигуранттар қамауда ұсталуы тиіс сияқты көрінетін. Бірақ олай болмады. Оқиға кезінде, 2024 жылы, су құбырының бас директоры «ҚазТрансОйл» АҚ-да коммерция бойынша басқарушы директор лауазымына көтерілді, Талғат Құрманбаевтың орнын басты (ол «Қазақстан-Қытай құбыр желісі» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары болып тағайындалған). Ал орынбасары Асқар Құлтумиев әлі күнге дейін «Магистральды су құбыры» ЖШС жаңа бас директорының орынбасары болып жұмысын жалғастырып отыр.

Берік Салпек пен Асқар Құлтумиевке және үш мердігерге қатысты бұлтартпау шарасы өте жұмсақ, тіпті нәзік деуге болады – елден кетпеу туралы қолхат таңдалды.
«Ақ Жайық» Бас прокуратурадан Атыраудағы №2 соттың істі тергеушілер жіберген қателіктерді жою туралы тұжырымдамамен қайтаруының себептерін анықтауға тырысты. Бірақ Бас прокурорлар ҚПК-нің 201-бабының құпия сақтау талаптарына сілтеп, жауап бермеді. Дегенмен, Атырау облысының прокуратурасы сот шешімінің күшін жою туралы өтініш енгізгені және ол қазір сотта қаралып жатқаны белгілі болды.
Суға не болды?
Жүйе іс жүзінде ақаулы күйде пайдалануға берілген. Атырау облысының екі ауданында магистральдан су беру уақытша тоқтатылды – тұрғындар ұңғымалар мен ескі сорғы станцияларын пайдалануға мәжбүр болды. Маңғыстауда жағдай бәрінде бірдей тұрақтанған жоқ: жергілікті БАҚ мәліметтері бойынша, судың сапасы әлі де наразылық тудырып отыр.
Бүгінгі таңда не белгілі? Тергеу аяқталды, бірақ сот істі қарауға қабылдамай, қайта тергеуге жіберді. Прокуратура қандай да бір қателіктер жібергенін мойындамайды. Фигуранттар бостандықта, кейбіреулерінің тіпті лауазымы жоғарылады. Жылыой ауданының Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары ішуге мәжбүр болған су сияқты, бәрі де тым бұлыңғыр, және иісі де шығып тұр.
«АЖ» Анықтамасы
«Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбыры – Қиғаш өзенінен Атырау және Маңғыстау облыстарының елді мекендеріне тұщы су жеткізетін артерия. Ол сумен халықты ғана емес, сонымен қатар өңірдегі ірі мұнай-газ кәсіпорындарын да қамтамасыз етеді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +3