Немесе «ҚазТрансГазАймақ» жаңа борышты қайдан шығарды
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ (ҚТГА) секілді қарапайым кәсіпорынның шығармашылық бастамасы мықты екендігі таң қаларлық. «Ауа-райы» коэффициентіне қатысты жағдай сәтсіздікке ұшырағаннан кейін қажымаған ҚТГА абоненттік борыштың жаңа түрін – техникалық қызмет көрсеткені үшін төлемақыны ойлап шығарды.
ҚАРАҒАНЫ ҮШІН АҚЫ АЛМАЙДЫ
Міне, АҚ бірнеше айдан бері кезінде «Облгаз» боп тұрғанда тарифке енгізілген «алдын алу шаралары» үшін, басқаша айтқанда, пайдалануға беруші мекеменің қауіпсіздік техникасын сақтағаны үшін ақша жинауда. Бұған ең алдымен қызмет көрсетуші мүдделі болып, осыған мұқият бақылау жасаған еді. Қазіргі басқарушы компания бұлыңғыр «қызметтердің» осынау түрін табиғи монополияларды реттеу агенттігінің (ТМРАД) мақұлдауымен кірістердің жеке бабы етіп шығарды. Және бізге бірден екі жыл үшін алдын ала төлеуді ұсынып отыр. Бірақ бұл туралы да абонент түбіртектен емес, тікелей төлеген кезде білуде (төленбесе, мерзімі өткен әр күнге өсім қосылады). Аяқ астынан пайда болған төлем үшін наразылыққа жауап ретінде: есесіне екі жылдың ақысын бір төлейсің деген кассирлердің жауаптары да әзір. Бірақ бір жылдан аз уақыт ішінде облысымыздағы стратегиялық маңызды нысанның қожайыны үш мәрте өзгерді. Жинақталған қаржыны фирманың өтейтіндігіне кім кепіл?
Көңіл жабырқатар мысалдар баршылық: кәсіпкерлер газбен жарақтау қызметі үшін алдын ала төлеген төлемдерін одан бұрын болған оператордан іздеп жүр («ЖС», №25, 20.06.13 ж., «Жоғалған төлемдер» жарияланымын қараңыз). Түбіртектерде мерзім де көрсетілмеген, ал ауызша мәлімдемелерді іске қаттай алмайсың ғой. Шамамен есептелген есеп бойынша әңгіме жарты миллиард теңгедей ақша туралы болып отыр. Біздегі қолда бар мәліметтер бойынша, биылғы жылдың шілдесінде ҚТГА-ның абоненттік базасы 101 мың тұтынушыдан асып кеткен. Оның ішінде пәтер қожайындары 30 пайызды, жеке үйлердің қожайындары – 70 пайызды құрайды. Алғашқылары үшін техникалық қызмет көрсету тарифі 1 750-ден 2 550 теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Бұл компаниядағы тағы бір жұмбақ – егер сіздің плитаңыз бен тұрбаларыңызды қарауға ҚТГА-ның өз слесарьлары келетін болса, сіз қымбат төлейсіз; егер сіз слесарьларды тысқары жерден жалдайтын оның еншілесі «Атырау» коммуналдық қызметтердің есеп-айырысу орталығы» ЖШС-нің қызмет көрсету аумағында болсаңыз, аз төлеуіңіз керек. Өз үйінде тұратындар үшін – бір газ плитасы мен жылыту үшін бір қазандық болған жағдайда, 5 000 теңгеден сәл жоғары. Егер қосымша табиғи газ қолдану нүктелері: газбен су жылытқыш, тағы бір қазандық немесе газ плитасы бар болса, баға көрсеткішіне сәйкес өседі.
Сонымен, пәтер қожайын-дарының 30 пайызын орташа алғанда 2 000 теңгеге көбейткенде, 60 млн теңге шығады. Жеке тұрғын үйлердегі абоненттердің 70 пайызын 5 000 теңгеге көбейтеміз. Сонда 350 млн теңге шығады. Аулаларында уақытша баспаналары, моншасы, газ бойлері, екі қазандықтары немесе екі асүйі барларды есептемегенде, 410 млн болды... Тек қарағаны үшін жоқ нәрседен ақша жасап отыр.
Сөзіміз дәделді болуы үшін, Келісімшарттан үзінді келтірейін.
«Газ тұтынушы жүйелерге техникалық қызмет көрсету мыналарды қамтиды:
газ жабдығының газбен жарақтау жобасына сәйкес орнатылуын (визуалды) тексеру;
газ жабдығына еркін қолжетімділіктің болуын (визуалды) тексеру;
газ құбырының бояуы мен бекіткішін тексеру...».
Тексеру туралы 10 тармақ: бүтіндігі, майлануы, арнайы маңдайшалардың болуы және т.б. Әрекет етуге ұқсайтын жалғыз ғана тармақ: жанарғыны ластанудан тазарту – «Облгаздың» слесарьлары дәл осыны ғана тегін жасаған еді. Қарағаны үшін ақы алмайды дейтін еді ғой... Мәтел қате айтылған екен.
«ЗАТТАЙ АЙҒАҚТЫ КӨРСЕТІҢІЗ!»
ҚТГА директоры Елдар ТАҒАШҚА алғашқы сауал 5 маусымда жолданған болатын. Ол осындай есепшоттардың көшірмесін дәлел ретінде ұсынбайынша, ҚТГА-дан сұралып отырған есепшоттардың қайдан шыққанын және ненің негізге алынғанын түсіндіру «мүмкін емес» деп есептеді. Кешікпей оқырмандардың бірі редакцияға «заттай айғақты» жолдап, біз оны қайтадан газшілерге жолдадық. Олар өздерінің ресми жауабында осы тұтынушыға қызмет көрсету нормалары толықтай сақталғандығы туралы есеп берді: «келісімшарт жасалып, жұмыс жүргізілді, орындалған жұмыс актісіне қол қойылды, осының негізінде төлем есепшоты шығарылды». Алайда тұтынушы керісінше: онымен келісімшарт жасамағанын және оның газ тұрбасына ешкім қарамағанын, алайда есепшоттың ұсынылып, тіпті төленіп те қойылғанын растады.
«БІЗДЕ БӘРІ ЗАҢ БОЙЫНША»
Өз әрекетінің заңдылығына келер болсақ, ҚТГА былай дейді:
«Қызметтің бұл түрі «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңына сәйкес, технологиялық жағынан байланысты реттелетін қызмет түрлеріне жатады» деп растап отыр. Қызмет түрлерінің тізбесін Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бекіткен.
«Газ және газбен жарақтау туралы» ҚР Заңының 19-бабының 3-тармағына сәйкес, коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді жүзеге асыратын газ тарату немесе газ желісі ұйымымен не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын немесе мамандандырылған тәуелсіз ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
Бұдан басқа, аталмыш заңның 19-бабының 5-тармағына сәйкес, коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады».
Осы секілді тақырыпта сауал жолданған ТМРАД жоғарыда айтылғандардың барлығын: техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметтің (2007 жылы-ақ) мақұлданғанын, Типтік келісімшартты өткен жылы үкіметтің бекіткенін растады. Бұл таң қаларлық емес еді.
«АУА РАЙЫН» ӨЗГЕРТЕМІЗ
ҚТГА Қазақстанның газбен жарақталған 9 өңірінің 8-ін: Оңтүстік Қазақстанды, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау облыстарын газбен жарақтауға басшылық ететін, осылайша ҚР-ғы тауарлы газды өткізу нарығының 90 пайызын қамтитын алып компания. Компанияның бірден бір акционері – «ҚазТрансГаз» АҚ (ол өз кезегінде «Қазмұнайгаздың» 100 пайыз еншілес компаниясы боп табылады). Яғни, мұндай деңгейдегі компания үшін алым-салықтардың кез келген түрін заңдастыру – аса қиын шаруа емес. Энергетика және минералдық ресурстар министрі бекіткен түзету (температуралық) коэффициент қолданылған тарифті есептеу әдістемесін еске алса жеткілікті. Тіпті жоғары жақтан рұқсат етілгеніне қарамастан, біз үшін ақылға сыймайтын тарифті газшілердің өздері биылғы жылдың басында жанжалмен енгізілгеннен кейін, соның ішінде көп жағдайда біздің газетіміздің арқасында бірден алып тастаған болатын («АЖ», №10, 7.03.13 ж., «Қызуын» түсірдік» жарияланымын қараңыз).
НЕ ҮШІН АЛДЫН АЛА ТӨЛЕЙМІЗ?
Техникалық қызмет көрсетуге келісімшарттар жасау үшін негіз бар екенін көріп отырмыз. Алайда әңгіме келісімшарттарда емес, осы типтік құжаттарда жоқ нәрселер туралы болып отыр.
Сонымен, бекітілген және мақұлданған келісімшарттарда осы қызметтер үшін төлемақы қолданыстағы тарифке енгізілмеген деген бірде-бір сөз жоқ. Ендеше, бұрын тарифке «кірген» нәрсе үшін енді тарифтен тыс неліктен төлейміз? Және неге көп төлеу керекпіз? ҚТГА көп ақша алғысы келетіндігі үшін бе? Олай болса, әрі қарай да біртіндеп тарифтен қызметтердің алуан түрін алып, тарифтік төлем сомасының сомасынан бір теңге де түсірместен, олар үшін қосымша төлемақы ала беретін болғаны ғой. Соңғы сұрақ, бұған жарытымды жауаптың болуы неғайбыл: қандай заңды негізде бізді алдын ала екі жыл үшін төлеуге мәжбүрлеп отыр?
Қалай болғанда да бұл туралы келісімшартта ешнәрсе айтылмаған.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА