
Атыраудағы ең көне субұрқақты жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстарына алты жыл өтсе де, нүкте қойылар емес. Назарларыңызға осы жылдар ішіндегі негізгі оқиғалар хронологиясын ұсынамыз.
Субұрқақ Ұлы Отан соғысынан кейін, мұнайшылар қалашығы салынып біткен соң пайда болды. Алғашында тек хауыз ғана болған, ал үш қыздың мүсін композициясы кейінірек — 1960 жылдары орнатылған. Айтуларынша, бастапқыда бұл субұрқақ ресми түрде «Халықтар достығы» деп аталған. Ал мүсіндер сымбатты болғандықтан атыраулықтар арасында «Грациялар» деген атпен танылды. Бұл алаң қала тұрғындарының сүйікті серуен орнына айналып, мұнда түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар жиі өткізілетін.
Алғашында субұрқақ билікке 2009 жылы «кедергі» келтірді — сол кезде шағын ауданды екіге бөлген жаңа көлік көпірі мен оған кіреберіс жол салынып, субұрқақ шетке «ығыстырылды». Ал 2019 жылдың жазында әкімдік «Грацияларды» толықтай алып тастап, олардың орнына жаңа гидротехникалық құрылыс салмақ болды.
Бұл жаңалық қала жұртшылығы арасында үлкен наразылық туғызды. Көп тұрғын мүсіндердің жойылуына бір ауыздан қарсы шықты. Осыдан кейін сол кездегі қала әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы субұрқаққа ешкім тиіспейтінін мәлімдеді. «Қала құрылысында жергілікті тұрғындардың пікірі – біз үшін басымдық», – деп жазды ол Facebook парақшасында. Сөйтіп құрылыс бөлімі басшысына (жұмысқа тапсырыс беруші) жаңартылатын субұрқақтың қандай болатынын көрсететін эскиздерді тұрғындарға дер кезінде ұсынбағаны үшін қатаң сөгіс жариялады.
Ал жаңартылған субұрқақ орындықтармен, көлеңке түсіретін шатырлармен, түрлі-түсті тас төсеніштермен, жарық динамикасы бар элементтермен және шағын субұрқақтармен толыққан болуға тиіс еді. Әлеуметтік желілердегі "кербездерді" қорғаушылар бұл жобаны біршама жылы қабылдады: мүсіндерді мүлде жойғаннан гөрі, осылай қалғаны жақсы деп бағалады.
Кейін жобаның пайдалануға берілу мерзімдері бірнеше рет кейінге шегерілді. Соңында белгілі болғандай, оның құрылысымен айналысқан бірнеше мердігер компания басшыларының қаржы жымқырғаны әшкереленіп, тергеуге алынды. Құрылысшылар мүсін жанына тек бір хауыз салып үлгерді. Оған орнатылған тікенекті шарлар жұрт арасында «коронавирус ескерткіші» деген атауға ие болды. Бұған 62,7 миллион теңге бюджет қаржысы — яғни, салық төлеушілердің ақшасы — жұмсалған. Кейін ұрланған қаражат бюджетке қайтарылғанымен, жаңғырту жұмыстары ұзақ уақытқа тоқтап қалды…
2023 жылдың көктемінде әкімдік мүсін туралы қайта еске салып, жаңа қала әкімі Мейірім Қалауи «бұған дейінгі, оның ішінде эстетикалық сипаттағы қателіктерге» байланысты субұрқақты толықтай қайта жаңғыртамыз деп уәде берді. Жоба мердігері ретінде «ОрдаЖобаҚұрылыс» ЖШС таңдалды. Алайда жоба тағы да тығырыққа тірелді: әкім ауысты, жұмысшылар көзге түрпідей көрінген шарларды алып тастады, байғұс "кербездерді" үшбұрыш пішінді бетонды бассейнмен қоршап қойды да, жұмыс тоқтап қалды.
Жұмыстың тоқтауына жобаны қайта түзету жұмыстарының басталуы себеп болғанын айтты (мұнымен да сол мердігер компания айналысты). Жобалауға Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайы маңындағы аумақты абаттандыру үшін түзету енгізу керек болған. Алайда нәтижесінде ештеңе жасалмады.
Шамасы, кербездер әкімдерге ұйқы бермесе керек, 2024 жылдың күзінде қала әкімдігі (жаңа әкім Шәкір Кейкин тұсында) субұрқаққа жаңа өмір сыйлауға уәде беріп, «алқа шешімі» негізінде оларды жақын маңдағы Ретро-паркке көшіруді, содан кейін қайта қалпына келтіруді жоспарлады. Алайда, субұрқақты неге тарихи орнында қалдыруға болмайтыны түсіндірілмеді.
Мүсіндер өткен айда бұзылып, көшірілді. Мүсіндердің тұғырын кесіп алып, автокранмен жұлқып, үстіңгі бөлігін сындырды. Содан кейін мүсіндердің бүкіл қолын жұлып тастады.
Жұмысшылардың әрекеті әлеуметтік желілерде қала тұрғындарының наразылығын тудырды. «АЖ»-ның сауалына қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов «мүсіндерді көшіру мен реконструкциялау жұмыстары мердігер ұйым — «ОрдаЖобаҚұрылыс» ЖШС-нің қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр» деп жауап берді. Алайда редакцияның «неге субұрқақты ескі орнында қалдырып, қайта қалпына келтіру мүмкін емес екенін нақты әрі объективті түсіндіріңіз» деген сұрағына шенеунік «БАҚ туралы» заң талаптарын бұзып, жауап бермеді. Мүмкін, ешқандай нақты себеп жоқ шығар.
Осы мәселе бойынша пікір алу үшін сіздің тілшіңіз Қазақстанның бас сәулет-құрылыс академиясының белгілі маманы, профессор Ескендір Байтеновқа жүгінген еді.
«Ретро-паркке көшірілген скульптуралық композиция контекстен ажырап қалған, себебі ол мәдениет сарайының жанында орналасқан. Ол да субұрқақпен бірге бір уақытта салынған. Сондықтан оларды сол жерге қайтарып, жақсылап жөндеу керек. Сондай-ақ, субұрқақтың хауызын — үшбұрыш пішінді емес, дөңгелек формада жобалау қажет. Осылайша қазіргі ең осал болып тұрған стильдік қабаты сақталар еді. Ең бастысы, композицияны қалпына келтіруді кәсіби мүсінші атқаруы керек», — деп атап өтті ол.
Хат алмасу жүріп жатқан кезде оқиға күтпеген бағыт алды: өңір басшысы Серік Шәпкенов бұзылған "грацияларды" бұрынғы орнына қайтару туралы шешім қабылдады. Қайта орнату мерзімі әзірге белгісіз, бірақ мәдениет сарайының алдында дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл даулы оқиға әлі жалғасуда…
Ал халық қызметшілеріне айтарым – әлденені «алқамен» шешіп немесе жеке қалауларды орындамас бұрын, алдымен қала тұрғындарымен және шынайы мамандармен кеңескен дұрыс. Бұл халықтың қарсылығын және қателіктерді болдырмауға көмектеседі.
"Үш кербезді" қалпына келтіріп, орнына қайтарыңыздар да, жайына қалдырыңыздар.
Лев ГУЗИКОВ
Суреттер Александр Шергиловтың, Рахим Қойлыбаевтың, автордың мұрағатынан және әлеуметтік желілер алынған
В Атырау +4 






