Атырау, 6 желтоқсан 06:41
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Жасырын балабақшалардағы қайғылы оқиғалар: балаларымыздың қауіпсіздігі қашан ретке келеді?

501 рет қаралды
Сурет: 2gis

2024 жылдың қазан айында Атырау тұрғыны Гүлзия Бекболат жеті айлық ұлын үй балабақшасына тапсырған. Бірнеше сағаттан кейін бала ауруханада қайтыс болды. Кейін анықталғандай, бұл үй балабақшасы ешбір базаға тіркелмеген, тексеруден өтпеген, ресми құжаттарда балабақша ретінде де тіркелмеген болып шықты. Бұл жай ғана балаларға қарайтын жеке пәтер болған.

Бала өліміне қатысты қылмыстық іс «балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі міндеттерді дұрыс орындамау» бабымен ашылды. Алайда төрт айдан кейін қылмыс құрамы анықталмады деп тергеу тоқтатылды. Қала прокуроры Рустам Айтимов бұл туралы: «Шешім қадағалаушы прокурор тарапынан бектілді» деді.

Балабақша өкілдері қайғылы оқиғадан кейін балаларды ресми рұқсатсыз жеке үйде қабылдағандарын мойындады, бірақ баланың өліміне кінәлі екендерін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Олардың айтуынша, бала оларға ауру белгілерімен келген және қызметкерлер тек алғашқы көмек көрсетуге тырысқан.

«Ұлым бесікте жатып қайтыс болды. Реаниматологтың сөзінше, бала оны жеткізген бойда көз жұмған. Мүмкін, тұншығып қалған шығар. Сараптама ауру белгісі бар деп көрсетті. Бірақ мен оған келіспеймін. Мен оны сап-сау қып әкелдім. Әркім өз жазасын алуы керек. Мен істің сотқа дейін жетуін қалаймын, бірақ оны жауып тастады», — дейді Гүлзия.

Оның айтуынша, баланың өліміне бронхит пен пневмония себеп болған деп көрсетілген.

Денсаулық сақтау басқармасы жеке медициналық мәліметтерді жариялауға тыйым салынған «Халық денсаулығы туралы» заңға сілтеп, баланың өлімі туралы ақпаратты айтудан бас тартты. Бұл формалды түрде жеке өмірді қорғау болып табылады.

Үйдегі балабақшалар – хабарламамен де, хабарламасыз да жұмыс істейді

Атырауда ата-аналардың көбі балаларын заңсыз балабақшаларға беруге мәжбүр. Білім басқармасының дерегінше, қалада 178 балабақша бар, оның ішінде тек 37-сі жеке және лицензиялы. Қалғандары ресми мәртебесіз және бақылаусыз жұмыс істейді. 

Негізгі себеп — мемлекеттік балабақшалардағы орын жетіспеушілігі. Халық саны өссе де, жаңа мекемелер аз, әрі олар тек белгілі бір жасқа толған балаларды қабылдайды. Жеке балабақшаға лицензия алу ұзақ әрі қымбат, әсіресе білім беру бағдарламалары болмаса. Сондықтан үйдегі балабақшалардың көбі тек балаларға қарау, тамақ беру және ұйықтатумен шектеледі.

Мемлекеттік органдар ресми түрде балабақшамен қамту 70 пайыз деңгейінде екенін мойындайды, ал қалған 30 пайызы — «көлеңкелі сектор».

Айта кетерлігі, 2014 жылдан бері Қазақстанда жеке балабақшалар хабарлама негізінде жұмыс істейді. Яғни, балабақша ашқың келсе, арнайы өтінішті толтырып, мемлекетке хабарлау керек. Егер хабарламасаң, жүйе сені тіркемейді — бақылау мен тексеру болмайды.

Атырау облысының білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бекболат Таишев «Ақ Жайық» басылымына: «Кейбір жеке балабақшалар хабарлама жібермей-ақ жұмыс істей бастайды», деп ашығын айтты. Яғни, балалар базаға тіркелмеген топтарда тәрбиеленеді. Демек, оларға кадрлар, жұмыс жағдайы, қауіпсіздік пен санитария ережелері бойынша ешқандай талап қойылмайды.

Балаларға не қандай тамақ берілетіні, қанша уақыт ұйықтайтыны немесе горшокқа қанша уақыт отыратынын тәрбиеші апай шешеді. Тіпті таңертең балаңды тапсырып, жұмысқа асығыс кеткенде де, сіздің берген нұсқауларыңыз толық орындалмай қалуы мүмкін.

Тағы бір заңдық ерекшелік: егер балабақша білім берумен айналыспаса — оған лицензия қажет емес. Сондықтан, ресми түрде оқытпаса да, мұндай үйдегі балабақшалар заңды түрде тыйымға ілінбейді, бірақ ешқандай бақылауда болмайды. Яғни, министрлік те, әкімдік те, прокуратура да бұл мәселеге араласпайды.

Үш жылда 30 бала зардап шеккен. Бүкіл іс дерлік жабылып қалған

Прокуратураның мәліметі бойынша, 2023-2025 жылдар аралығында — Атырау облысындағы жеке балабақшаларда 30 бала зардап шеккен.

Оның ішінде:

  • 2023 жылы — 12 оқиға,

  • 2024 жылы — 11 оқиға,

  • 2025 жылдың осы кезіне дейін — 7 оқиға тіркелген.

Алайда осы жылдар ішінде сотқа тек жеті іс жеткен. Қалғандары «қылмыстық құрамы жоқ» деген себеппен жабылған.

2024 жылдың шілдесінде Құрсай ықшамауданындағы «Чебурашка» жекеменшік балабақшасында төрт жастағы баланың септикке батып кеткені естеріңізде ме? Бала күндіз ерте оянып, ашық септик орналасқан аулаға шыққан еді. Балабақша директоры мен тәрбиешісі бұл қателікті мойындап, шартты жазаға кесіліп, үш жыл бойы балалармен жұмыс істеуге тыйым салынды. Айта кетейік, сол балабақша лицензиясыз болған.

Тағы бір үлкен оқиға 2024 жылдың тамызында болды: жекеменшік балабақшада баланың жамбасы мен саны күйіп қалған, алайда тәрбиешілер бұл туралы хабарламапты. Бұл факті бойынша міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Онда да құжаттармен байланысты бірқатар мәселелер болған.

Тексерулер қайда?

Бақылаушы орган — сапаны қамтамасыз ету департаменті: «Тексеру тек тексеру парақтарында көрсетілген талаптарға қатысты өтеді». деді:

Яғни, егер ата-аналардан түскен хабарламалар тексеру парақтарының мазмұнымен сәйкес келмесе — тексеру болмайды. Ал егер шағым мүлде жоқ болса, онда тексеру де болмайды. Сондай-ақ, ешкім тәрбиешінің медициналық тексеруден өткенін немесе бала печеньеге қақалып қалса, не істеу керектігін біле ме, ешкім сұрамайды.

Тәртіп тек 2027 жылдан бастап орнайды

Қазақстандағы барлық мектепке дейінгі мекемелерді лицензиялау жұмысы 2027 жылғы 1 қаңтардан басталады. Сол уақытқа дейін барлық мекеме «хабарлама негізінде» жұмыс істей береді. Кейбіреулері тіпті хабарламасыз. Қазіргі күнге дейін қанша балабақша заңсыз жұмыс істеп жатқанын, сол үйдегі топтарда қанша бала бар екенін, қанша тәрбиешінің біліктілігі жоқ екенін ешкім нақты білмейді.

Әлі қанша оқиғаның болуы мүмкін екені белгісіз.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

1 шілде, 17:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.