
Атырау облысы Жылыой аудандық сотында қоғамдық орында масаң күйде жүрген тұрғынға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сот мәліметінше, 48 жастағы Құлсары қаласының тұрғыны бұрын дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Алайда арада бір жыл өтпей жатып, ол бұл әрекетін тағы қайталап, 2025 жылғы 17 маусымда алкогольдік ішімдік ішкен күйі қоғамдық орында тәртіп бұзып, көпшілікке сыйламаушылық танытқан.
Сот отырысында азамат Н. кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабының 3-бөлігіне сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл не 5 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Сот шешімімен құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.