
20 маусымда Атырауда 27 миллиметр жауын-шашын түсті — бұл маусым айы үшін орташа мөлшерден бір жарым есе көп. Әдетте шамамен 17 мм болады.
Найзағайлы нөсер жауынның салдарынан көшелер мен аулалар су астында қалды.
Алайда жауын салдары әсіресе Атырау халықаралық әуежайының ғимаратында ерекше байқалды: су төбе панельдердің арасынан сауылдап ағып тұрды. Қызметкерлер табиғаттың тосын мінезіне қарсы басқа амал таппай, шелектер мен тегенелер қойып әлек болды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерге жылдам тарады.

Қала әкімдігі коммуналдық қызметтердің күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Оқиға орындарында арнайы техника тартылып, суды сыртқа шығару, арықтарды тазалау және әлеуметтік нысандар маңын ретке келтіру бойынша шұғыл жұмыстар жүргізілуде.
Ал бірнеше күннен бері қамыс әлі де бықсып жатқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан нөсер жаңбыр айналып өтті. Метеорадарлар дерегіне сүйенсек, жауын-шашын бұлты Атырау қаласының орталық бөлігімен шектеліп, өкінішке орай, солтүстік-шығыс бағытқа қарай ауып кеткен.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА