Атырау, 16 шілде 16:27
 ашықВ Атырау +29
$ 525.87
€ 614.37
₽ 6.72

Үздік оқыған түлектер «Алтын белгіден» неге қағылды?

632 рет қаралды
Сурет: ӨКҚ

Атыраудағы №37 мектептің және өзге де бірнеше білім ордасының төрт бірдей түлегі үздік оқу үлгеріміне қарамастан «Алтын белгі» иегері атана алмады. «Ақ Жайық» тілшісі мектеп оқушыларының үміткерлер тізімінен неліктен шығарылғанын анықтаған еді.

Бұл туралы оқушылар әлеуметтік желіде жариялады. Олардың айтуынша, бұған тоқсандық бағалар мен электрондық күнделік жүйесіндегі деректер арасындағы алшақтық себеп болған.

- 11 жыл бойы үздік оқып,әр тоқсанда білімімізді дәлелдеп, әр пәннен “өте жақсы” деген баға алып келген біз – бірнеше оқушы “Алтын белгіге” үміткер атандық. Бірақ, мектеп бітіруімізге 15 күн қалғанда бізге бұл марапат берілмейтіні белгілі болды. Себебі ретінде кейбір пән мұғалімдерінің бұрынғы тоқсандық бағаларды өзгерткені, ал нақты кім өзгерткені анықталмағаны айтылды, — дейді түлектер.

Білім басқармасының мәліметінше, бастапқыда бұл мектептен жеті оқушы «Алтын белгіге» ұсынылған. Алайда ішкі тексерістен кейін тізімде тек үш оқушы қалған.

Білім басқармасының түсіндіруінше, кейбір үміткерлерді тізімнен алып тастау туралы шешім анықталған сәйкессіздіктерге байланысты қабылданған. 2024–2025 оқу жылының қорытындысы кезінде мектепте жұмыс істеген комиссия тоқсандық бағалар мен «Күнделік» жүйесіне енгізілген мәліметтер арасында айырмашылықтар бар екенін анықтаған. Сонымен қатар бағалар бірнеше рет өзгертілген, СОР мен СОЧ балдары да өзгеріп отырған.

СОР мен СОЧ нәтижелерінің де әртүрлі болғаны белгілі болған.

— Комиссия мүшелерінің бірі бізге: «Қорытынды бағаларың шекті деңгейден төмен болды, бірақ мұғалімдер бәрібір “5” қойып жіберген», — деп айтты. Сол себепті бізді тізімнен алып тастаған. Бірақ дәл осындай жағдайлар болған басқа оқушыларға “Алтын белгі” берілгенін білеміз. Бұл – әділетсіздік, – дейді түлектер.

Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Мұрат Әбуов бұл болжамды бірден жоққа шығарып, ережеге сәйкес, «Алтын белгі» тек 5-сыныптан 11-сыныпқа дейін барлық тоқсандық және жылдық бағалары тек «үздік» болған, түзетулер мен сәйкессіздіктері жоқ оқушыларға ғана берілетінін атап өтті.

Ал жүргізілген тексеріс тек бұл мектепте ғана емес, басқа оқу орындарында да жоғары қойылған бағалар болғанын көрсетті.

— Кей жағдайларда СОР-дан төмен балл алған оқушыларға қорытынды баға ретінде «бес» қойылған. Мұндай сәйкессіздіктер басқа оқу орындарында да анықталды. Тексеруден кейін кейбір түлектерге «Алтын белгі» емес, үздік аттестат берілді. Басқа мектептерде бұл мәселе оқушылармен алдын ала түсіндіріліп, талқыланған, ал Зиманов атындағы мектепте бұл ескерілмей қалған. Соның салдарынан осы жағдайға байланысты түсінбеушілік туындады, – деп түсіндірді облыстық білім басқармасы.

Сондай-ақ басқарма Атырау облысынан «Алтын белгіге» үміткерлердің саны көп болған соң, Білім министрлігі марапаттауды қысқартуға тапсырма берді деген ақпаратты да жоққа шығарды.

— «Алтын белгі» иегерлерінің санын әдейі қысқарту тәжірибесі жоқ. Қойылған талаптарға толық сәйкес келген әрбір оқушы бұл марапатты алады, — деді басқарма өкілдері.

Соңында, мұғалімдер қойған «бестік» баға оқушыларға кері әсер етуі мүмкін. Кейбір мұғалімдердің көмектесемін деген әрекеті балалардың лайықты марапатын алуына кедергі болған шығар.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

20 маусым, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.