
Нидерландының төменгі палатасы 1944 жылы кеңестік режим тарапынан Қырым татарларының жаппай депортациясын геноцид деп ресми мойындады. Бұл туралы 19 маусым күні Нидерланды Парламентінің ресми сайтында хабарланды, деп жазады Korrespondent.net.
Резолюцияны ұсынған депутат Дерк Бойсвиктің мәлімдеуінше, Ресейдің Қырым татарларына қатысты қазіргі саясаты да ұлтқа қарсы қысымдардың жалғасы ретінде қарастырылуы мүмкін:
«2014 жылы Қырымды басып алғаннан кейін көптеген Қырым татарлары негізсіз қамауға алынып, азапталған немесе із-түссіз жоғалып кеткен. Ресей, ықтимал түрде, Қырым татарларына қарсы геноцид саясатын жалғастыруда», – делінген құжатта.
Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига бұл шешімді қолдап, оны Қырым татарларына көрсетілген мықты қолдау деп атады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Чехия Сенаты да Қырым татарларының депортациясын геноцид деп таныған болатын. Ал мамыр айында Киевте Қырым татарларының геноцид құрбандарын еске алу шаралары өткізілді.