Атырау, 8 шілде 16:26
 ашықВ Атырау +27
$ 519.51
€ 611.83
₽ 6.60

Украина қос азаматтықты заңдастырды

355 рет қаралды

Украина Жоғарғы Радасы көп азаматтыққа рұқсат беретін заң жобасын қабылдады. Бұл шешім әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген украиналықтарға өз отанымен заңды байланысын сақтай отырып, басқа елдің азаматтығын алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Евронью́с.

Заң жобасы президент Владимир Зеленскийдің бастамасымен ұсынылған. Құжатқа қол қою енді мемлекет басшысының қолында. Министрлердің айтуынша, бұл заң — 2014 жылдан бері, әсіресе 2022 жылы басталған кең ауқымды соғыстан кейін шетелге кетуге мәжбүр болған украиналықтарға «үйге қайтыңдар» деген маңызды белгі.

«Көптеген азаматтар өзге елдің азаматтығын қабылдауға мәжбүр болды. Біз оларға өз украин болмысын жоғалтпай, екі елмен де байланысын сақтауға мүмкіндік бергіміз келеді», – деді Украина Ұлттық бірлік министрі Алексей Чернышов.

Украина Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Кислица мәлімдегендей, қос азаматтық Ресеймен немесе Украина егемендігін мойындамайтын елдермен мүмкін болмайды. Сонымен қатар жаңа заңда азаматтықтан айырылу негіздері де қарастырылған. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының төлқұжатын алу немесе Ресей армиясында қызмет ету – азаматтықтан айырылуға негіз болмақ.

Украинада қазір 32 млн адам тұрады. 25 млн-ға жуық украин азаматы шетелде өмір сүруде. Билік мәліметінше, соғыс аяқталған соң, шетелдегілердің үштен бірі еліне оралуы мүмкін.

Чернышовтың айтуынша, Украина соғыстан кейін өз азаматтары үшін жақсы өмір сүру жағдайларын жасап, шетелдегі украиндарды қайта оралуға ынталандыруы керек. Бұл ел экономикасын қалпына келтірудің маңызды факторы болмақ.

20 маусым, 13:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.