
Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху таңертең Тегеран тарапынан жасалған ракеталық шабуылдан кейін елдің әскери күштеріне Иранға қарсы соққыларды күшейтуді бұйырды, деп хабарлайды АА.
Нетаньяху әлеуметтік желідегі жарияланымында Иранның Тель-Авив пен оның айналасындағы бірнеше нысанаға жасаған ракеталық соққысын сынға алды. Ол Иранның рухани жетекшісі Али Хаменеи «өз әрекеттерінің ақысын төлеуі тиіс» деді.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац та әлеуметтік желілерде өз ескертуін жасап, Иранның таңертеңгі шабуылын «әскери қылмыс» деп атап, Хаменейдің жауапкершілікке тартылатынын айтты. Ол Нетаньяхумен бірге Иранға қарсы әскери әрекеттерді күшейту бұйрығын бергенін хабарлады.
Еске сала кетсек, таңертең Иран Израильге қарсы баллистикалық ракеталармен жауап беріп, Тель-Авив, Рамат-Ган, Холон және Беэр-Шева қалаларын нысанаға алған. Сол соққылардан Беэр-Шевадағы «Сорока» ауруханасының ғимараты зақымданғаны хабарланды.
Бұл жағдай 13 маусымда Израильдің Иранның ядролық нысандарына және жоғары әскери басшылығына бағытталған ауқымды соққысынан кейін туындады. Сол шабуылдар кезінде Иранның Бас штаб бастығы, Ислам революциясының сақшылар корпусының басшысы және бірнеше жоғары лауазымды әскери қызметкерлер қаза тапқан.
Сонымен қатар, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстан қаза тапқандар саны екі жақта да мыңға жуықтап, көптеген адам жараланды.