
2025 жылғы 19 маусымда Ресеймен шекарадағы «Сырым» ветеринарлық бақылау-өткізу бекетінде Самара қаласынан Атырау облысына 30 тонна тағамдық жұмыртқаны заңсыз әкелу әрекеті тоқтатылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары екі жүк көлігін тексеру барысында ветеринарлық-санитарлық талаптардың бұзылғанын анықтады. Жүк тиелген өнімдерде қажетті ветеринариялық ілеспе құжаттар болмаған, бұл қолданыстағы ережелерге қайшы. Сонымен қатар, бұл өнімдерді елге әкелуге уақытша тыйым салынған болатын.
Тексеру нәтижесінде екі көлік те Ресейге кері қайтарылды, ал жүргізушінің атына ветеринариялық заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарадағы ветеринарлық бақылау бекеттерінде ветеринарлық талаптардың 377 бұзылу дерегі тіркеліп, соның негізінде 163 әкімшілік хаттама жасалған. Түскен айыппұлдардың жалпы сомасы – 7,6 миллион теңге.