
Атырау облысында өңір тарихында алғаш рет ежелгі ескерткіштерге жер учаскелерінің мемлекеттік актілері рәсімделіп, ресми мәртебе берілуде. Бұл ретте Жылыой ауданында пилоттық негізде бірінші болып қолға алынды. Бұған аудан әкімшілігінің мәдениет және спорт бөлімі ұйытқы болып отыр.
- Жалпы тарихи ескерткіштердің қорғау аймағы белгіленіп, тиесілі қаулы, қорғау туралы міндеттемесі туралы құжаты бекітіліп шыққанымен, олардың күші жеке тұлғаға келгенде әлсіз болып қалады. Мәселен, кейбір көне ескерткіштер далалықта болғандықтан мал сүйкеніп қоршаулары құлап қалуда. Енді оның жеріне мемлекеттік акт алынғаннан кейін қоршау жұмыстарына жол ашылады, қаржы бөлінеді. Қалай еткенде аудан көлеміндегі көне ескерткіштерді сақтап қалудың қадамы жасалды,-дейді Жылыой ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек НАУАРОВ.
Қазіргі уақытта Жұбан тамы, Ұшқан ата, Шерліғұл діни-тұрмыстық кешенінің жер телімдері мемлекеттік кадастрлық картаға енгізіліп, жергілікті атқарушы органның меншігіне енгізілген.
Сонымен қатар, бүгінде Майкөмген ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан "Ұшқан қоныс" жеріне зерттеулер жүруде. Бұл жұмысты Сарайшық музей-қорығы ғылыми зерттеу орталығы қолға алған. Тарихи орынды зерттеуге бағдарлама жетекшісі т.ғ.д., профессор Ұлжан Ахметова, Ресейлік археолог В. Плахов, профессор Ә. Мұқтар, К. Меңдігереев және Сарайшық археологтары қатысуда.
Әзірге тек алғашқы қадамдар жасалып жатыр, алайда осыдан мәдени мұраны сақтау бойынша жүйелі жұмыс басталмақ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -3