
Бүгін сағат 20:35-те Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағына Орталық көпір маңында Жайық өзенінде әйел адамның белгісіз жағдайда суға батып бара жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Кезекші құтқарушылар дереу оқиға орнына жетіп, құтқару жұмыстарына кірісті.
Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан кезекті профилактикалық рейд барысында кезекшілікте болған құтқарушылар — А. Бахытжанұлы мен Ж. Жолмұханов — жедел әрекет етіп, әйел адамды судан шығарып, жағаға алып шықты.
ТЖД мәліметінше, әйелдің жағдайы тұрақты, дәрігерлік көмекке мұқтаж болмаған.
Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қонақтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.