
Атырауға Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) өкілдері келді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің қатысуымен вакцинациядан діни себептермен бас тартуды зерттеу және дін мен денсаулық сақтау салалары арасындағы ынтымақтастықты талқылау жөніндегі миссия жұмысы ұйымдастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Іс-шараның негізгі мақсаты — халық арасындағы вакцинаға қарсы көзқарастардың себептерін анықтап, денсаулық сақтау және дін өкілдерімен бірге оны шешу жолдарын қарастыру.
Қ.Абдалиевтің айтуынша, инфекциялық аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы — екпе алу. Сол себепті, екі күнге созылған іс-шараға ДДҰ өкілдері Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен облысқа келді. Олардың бағдарламасына аудан және қалалық медициналық мекемелер мен діни өкілдермен кездесу кіреді. Кездесу нәтижесінде вакцинация мәселесін шешуге қатысты ұсыныстар жасалады.
Жиын барысында ДДҰ сарапшылары өңірдегі иммундау деңгейін жоғарылату жолдарын ұсынды және мамандар діни себептермен вакцинадан бас тартудың қоғам денсаулығына ықпалын баяндады. Кеңес мүшелері ата-аналарға арналған түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, діни бірлестіктермен бірлесіп әрекет ету қажеттігін ерекше атап өтті.