
Тұрғындар көппәтерлі үйлердің арасынедағы шағын ғана бір аулаға 54 орындық орнатқан шенеуніктерді сынға алды. Қала тұрғындары мен қоғам белсенділері мұны бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану деп бағалап отыр.
- Қалада бірде-бір орындық қойылмаған аулалар жетіп артылады. Ал мына жерде бір аулаға 50-ден астам орындықты қатар-қатар тізіп қойыпты. Бұл - ақылға қонымсыз. Көптеген саябақтарда да демалатын орын таппайсың, - дейді тұрғындар. - Сонда бұл есеп қалай жасалған?
Тұрғындардың айтуынша, шағын аулаға 10-20 орындық жеткілікті болар еді.
Атырау қалалық әкімдігінің мәліметінше, бұл - «100 аула» жобасы аясында жүзеге асқан жұмыстардың бірі, бәрі жобаға сай. Орындықтар Алмагүл ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласына қойылған. Бұл аулада 2 тоғызқабатты және 4 бесқабатты үй бар. Тұрғындар саны көп.
- Жобада орындықтар әр метр сайын қойылады деп көрсетілген. Қатар қойылуы аулада бос орынның болмауына байланысты, - деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы Ербол Айтқалиев.

Оның айтуынша, бұл тек бір ауладағы жағдай. «100 аула» жобасы әлі де жалғасуда және әр ауланың ерекшелігіне қарай, тұрғындар санына байланысты орындықтар саны әртүрлі болады.
Мұнымен де әңгіме аяқталған жоқ. Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сәйкес, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі электронды дүкен арқылы 30 миллион теңгеге орындықтар мен урналар сатып алып жатыр:
- Арқасыз 50 орындық (әрқайсысы 200 мың теңге),
- Арқасы бар 54 орындық (әрқайсысы 212 мың теңге),
- Композиттік мәрмәр тастан жасалған 100 қоқыс жәшігі (әрқайсысы 100 мың теңге).
Алайда ТКШ өкілдері бұл сатып алулардың «100 аула» жобасына қатысы жоқ екенін айтты. Бұл орындықтар нақты қайда орнатылатыны туралы сұрауға әкімдікке сауал жолданды.

Әзірге Алмагүлдің ауласында аяқ аттам жер сайын орындық тұр. Егер тұрғындардың реакциясына қарасақ, отыра сала тұрып кеткісі келетін болса, оған сонша отырудың не керегі бар екенін түсінсе болар еді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау -3