
Аймақта шығармашылық және спорттық үйірмелерге балаларды қабылдау жаңа ақпараттық жүйе – Lira платформасы арқылы жүзеге асады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжанов хабарлады.
– Мемлекет балалардың қосымша білім алуына қолжетімділікті арттыру мақсатында ваучерлік қаржыландыру жүйесін жетілдіруде. Енді ваучерге кезекке тұру, үйірме немесе секция таңдау және сабаққа қатысуы туралы мәліметті растау осы жүйе арқылы жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.
Жаңа жүйе өтінім беру мен қабылдау процесін әділ, ашық және цифрлық түрде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге «Бір бала – бір ваучер» қағидасының сақталуын қамтамасыз етеді.
Облыста қазіргі таңда 38 мыңнан астам бала тегін үйірмелер мен спорт секцияларында оқиды. Бұған дейін бір бала бірнеше ұйымнан бір уақытта ваучер алатын жағдайлар болған. Енді жаңа жүйе мұндай қайшылықтардың алдын алады.
Ата-аналарға жүйені түсінуді жеңілдету үшін бейненұсқаулықтар мен анықтамалық материалдар әзірленді. Өтініш беру, тіркеу және деректерді жаңарту процесі оңайлатылды.
Өңірлік басқарма жүйеге көшу барысында ата-аналарға қолдау көрсету үшін қажетті материалдарды облыс әкімдігі мен басқарманың ресми сайттарында жариялады.
Спикер ата-аналарды балаларының жүйедегі жағдайын үнемі бақылап, артық өтініштерді 23 шілдеге дейін жоюға шақырды. Сонымен қатар балалардың сабаққа тұрақты қатысуы және ай сайынғы растау маңызды, өйткені талаптар орындалмаса ваучердің күші жойылады.
Брифинг соңында Алмас Көпжанов барлық ата-аналарды цифрлық жүйені тиімді пайдаланып, балалардың білім алу құқығын қорғауға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Ваучерге кезекке тұру, үйірме таңдау және ай сайын қатысуды растау Lira жүйесінде жүзеге асады: https://lira-atyrau.e-orda.kz.kz.
В Атырау -3