- Менің үйімнің маңында тұрған, қыздырылмаған автокөлік ішінде достарыммен алкогольдік ішімдіктер ішуге құқым бар ма? Сонымен қатар, полиция қызметкері маған көліктен шық деп бұйырып, құжаттарымды тексеруге, хаттама толтырып, жауапкершілікке тартуға құқылы ма?
azh.kz сайтынан
Сұраққа «Слово защиты» адвокат кеңсесінің заңгері Татьяна МОХНАЧЕВА түсінік береді:
- Қойылған сұраққа бөліктерге бөліп жауап берейік. Біріншіден, полиция қызметкерінің құжаттарды тексеру заңдылығы туралы айтайық. Кез келген полиция қызметкері, жол полициясы күдікті жағдайды байқаса, Қазақстан Республикасының заңнамалары мен өз құзыреттілігіне сүйене отырып, сізге жақындап, құжаттарыңызды тексеруге құқылы. Сондықтан да, егер бұған нақты негіздеме болса, полиция қызметкері сізге көліктен шығуыңызды бұйырып, құжаттарыңызды тексере алады.
Сұрақтың екінші бөлігі үйдің жанында тұрған автокөлік ішінде достарымен спирттік ішімдіктер ішуге қатысты.
ҚР Жол қозғалысы ережелерінің (ЖҚЕ) 2.7.1 тармағына сәйкес, жүргізушіге жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіретін мас күйінде (алкогольдік, есірткі және басқа да); сезім мүшелерінің қызметін нашарлататын дәрі препараттарының әсерімен көлік құралдарын басқаруға тыйым салынады.
ЖҚЕ-нің осы тармағын бұзғаны үшін, яғни мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 467-бабында көлік құралдарын басқару құқығынан екі жылға айыру жазасы жазылған.
Бір ескертетін жайт, көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тек көлікті мас күйінде жүргізгенде ғана қолданылады. Ал жүргізуші басқармаған, қозғалыссыз тұрған автокөлік ішінде тек спирттік ішімдіктер ішіліп жатса, жол полициясының қызметкері осы бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын толтыруға құқығы жоқ.
Сонымен қатар, өз үйіңіздің ауласында тұрған жеке көлігіңізде отырып, спирттік ішімдік ішіп отырып, сіз тек өзіңіздің жеке меншік мүлкіңізде ғана емес, сол сияқты қоғамдық орында отырғаныңызды ұмытпаңыз, өйткені көлік тұрғын үйдің ауласында тұр және машина терезесінен айналада ойнап жүрген балалар, өтіп бара жатқан адамдар сіздердің спирттік ішімдік ішіп отырғандарыңызды көре алады немесе мас күйінде машинадан шығып, осындай қылықтарыңызбен өзіңізді қоршаған адамдардың сезіміне нұқсан келтіруіңіз мүмкін.
Ал қоғамдық орында спирттік ішімдіктер ішу сияқты әрекеттер өз кезегінде әкімшілік құқық бұзушылық ретінде бағаланады, өйткені ӘҚБтК-нің 336-бабында алкогольдік ішімдіктерді көшеде және басқа да қоғамдық жерлерде (алкогольдік ішімдіктерді құйып сатуға мемлекеттік органдар рұқсат берген сауда және қоғамдық тамақтану ұйымдарынан басқа) ішу немесе адамның қадір-қасиеті мен адамгершілік сезімдерді аяққа таптап, қоғамдық орындарда мас күйінде жүру 2 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге әкеп соғады деп қарастырылған.