
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Инновациялық жоба навигаторына» енгізілген бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен танысты.
Асқар Биахметов бірінші болып «Гранд Материк» ЖШС-нің FFS қапшықтарын өндіретін зауытында болды. Бұл жобаға 10 млрд теңге инвестиция салынған және онда 35 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, «Талшыктекс» ЖШС-де полипропиленді геотекстиль өндірісімен танысып, 550 млн теңге инвестициямен құрылған кәсіпорында 31 адам еңбек ететінін білді.
Вице-министр «Beruseal Caspian» ЖШС-ның композиттік материалдар шығаратын зауытында да болды. Бұл кәсіпорынға 600 млн теңге инвестиция салынып, 20 жаңа жұмыс орны құрылды.
Айта кетейік, «Инновациялық жоба навигаторы» платформасы 1325 жобаны қамтып, олардың жалпы құны шамамен 64,3 трлн теңгені құрайды. Платформа арқылы жобалардың жүзеге асырылуы нақты уақыт режимінде бақыланады, және осы жобалар аясында 210 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Атырауда бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып, қызмет сапасы мен техникалық қамтамасыз етуді тексерді. Ол арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж азаматтарға дербестендірілген тәсілді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
18 маусымда Асқар Биахметов Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің және мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменттері қызметкерлерімен кеңес өткізеді. Онда әлеуметтік қолдау шаралары мен еңбек құқықтарын қорғау мәселелері қарастырылатын болады.
В Атырау -3